Екпінді мектебіне Төлепбек Назарбековтың есімі берілді
Бүгін ҚР Үкіметінің «Түркістан облысындағы кейбір білім беру мен мәдениет ұйымдарына атау беру және атауын өзгерту туралы» №741 Қаулысына сәйкес, Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді жалпы орта мектебіне Төлепбек Назарбековтың есімі беруге арналған мерекелік жиын өтті.
Ауыл тумасы, облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған Төлепбек Әбдіұлының есімін бүгінгі ұрпақ арасында ұлықтау мақсатында өткен шараға қатыстым. Мерекелік жиында Төлепбек Назарбековтың өмірдерегі, ел игілігі жолындағы атқарған еңбектері сөз болды. Еліміздің дамуында өзіндік қолтаңбасы бар азаматпен қызметтес болып, бірлесе еңбек еткендер естелік әңгімелер айтты.
Төлепбек Әбдіұлы саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнай білді. «Жақсының шарапаты жалпақ елге жетеді» деген, өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық әлеуетiн көтерудегі еңбегі әлі күнге дейін ел жадында. Төлепбек Назарбеков кезiнде Созақ және Бөген аудандарын басқарып, облыстық партия комитетiнiң хатшылығына дейiн көтерiлді. Әрқашан қызмет бабында әділдікті ту еткен азаматтығы жөнінде елi әлiге дейiн ерекше сезiммен еске алады. Төлепбек Әбдіұлына 1976-1987 жылдары облыстық орман шаруашылығы басқармасының бастығы қызметінде жүріп дендробақтың салынып, көркеюіне қосқан үлесі үшін «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атанды.
Мерекелік жиын барысында Мәдениет үйінің қызметкерлері концерт қойып, мектеп фойесінде қоғам қайраткерінің бюсті салтанатты түрде ашылып, бабалар рухына құран бағышталды.