“Екі қыздың әкесімін”: Ербол Қарашөкеев қоғамдағы қыз алып қашу мәселесіне қатысты ойын айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы қыз алып қашуға байланысты ойын айтты. Кеше, 4 желтоқсанда мәжіліс отырысында депутаттар “Мәдениет туралы” заңды қарастыру аясында қыз балаларды алып қашу мәселесін көтерген еді. Бүгін ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтен журналистердің бірі қоғамдағы қыз алып қашу үрдісіне қатысты ойын сұрады. Әкім депутаттарды қолдап, заңды күшейту керектігін айтты. “Екі қыздың әкесі ретінде бұл мәселеге байланысты заңның күшейтілгенін қалаймын. Менің азамат ретіндегі позициям осы. Сондай-ақ бұл мәселе оңтүстік, солтүстік деп бөлінбейді. Бұл сұрақ парламент мәжілісі деңгейінде көтерілсе демек бізде проблема бар. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Сондықтан жазаны күшейту керек, мұнымен күресу қажет”, – деп жауап берді сауалға Ербол Қарашөкеев. Айта кетейік, наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев “қыз алып қашу” үрдісін мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік екенін айтты. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек деген пікірін білдірді. Тағы да оқыңыздар: https://kaz.nur.kz/society/2196732-eki-qyzdyng-akesimin-erbol-qarashokeev-qogamdagy-qyz-alyp-qashu-maselesine-qatysty-oiyn-aitty/

ПІКІР ЖАЗУ