ЕҚДБ төрағасы: Теңге тұрақталады, инфляция баяулайды, инвестиция артады

Қазақстан экономикалық өсімге бет алды. Еуразиялық даму банкі еліміздің жылдық өсімі алдағы бес жылда кемінде 5,5% болады деп болжайды. Ұлттық валюта тұрақталады, инфляция тежеледі. Ал негізгі серпін – өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық жобалар. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

BAQ.KZ: Еуразиялық даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстанның алдағы 5-10 жылдағы экономикалық өсіміне қатысты болжамы қандай? Осы кезеңде қандай салалар ерекше дамиды деп ойлайсыз? Елдің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай негізгі факторларды ескеру керек?

Николай Подгузов: Қазақстан экономикасы серпінді дамып, сыртқы күйзелістерге жоғары тұрақтылық көрсетіп келеді. Алдағы бес жылда Қазақстан экономикасының жыл сайынғы өсімі кемінде 5,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Алдымыздағы бірнеше жылда еліміздің экономикасы негізінен зауыттар, өндіріс орындары сияқты өңдеуші салалардың дамуы арқасында өседі. Бұл жаңа инвестициялық саясаттың жүзеге асуымен байланысты.

Мемлекеттік бастамалар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды дамытуды көздейді және олар экономиканың негізгі драйверлері қатарына енеді. 2025 жылдың ақпан айының соңында Қазақстан Үкіметі даму институттары арқылы өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау бойынша ауқымды науқанды іске қосты. 2025 жылы “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және ұлттық әрі инвестициялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға 8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 6%-ын бағыттайды. Бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады.

Біздің есептеуімізше, 2025 жылдың екінші жартысында Теңіз кен орнында кеңейтілген қуаттардың іске қосылуы ЖІӨ өсіміне қосымша 0,4-0,6 пайыздық тармақ қосады. Біз республикадағы макроэкономикалық тұрақтылық теңгерімді макросаясат арқылы сақталады деп есептейміз. 2025 жылдың басында мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің шамамен 24%, бұл мемлекеттік қаржы секторының тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Мысалы, 2023 жылы дамушы елдерде бұл көрсеткіштің медианалық мәні шамамен 55% болды.

Тағы бір маңызды фактор – Ұлттық банктің халықаралық резервтері мен Ұлттық қордың сыртқы активтерінің айтарлықтай көлемі. 2024 жылдың соңында олардың жиынтық көлемі ЖІӨ-нің 36%-ын құрады, бұл 7 айдан астам импортты жабуға мүмкіндік береді. Бұл – халықаралық стандарттар бойынша жеткілікті резерв көлемінен (3 айлық импорт) әлдеқайда жоғары.

BAQ.KZ: Еуразиялық даму банкі 2024-2028 жылдар аралығында Қазақстанда қандай ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр? Банк қаржыландырылған жобалардың тиімділігін қалай бағалайды және бұл бағалау қандай критерийлерге негізделген?

Николай Подгузов: Банк Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысуға мүдделі. 2025 жылы Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан кем болмайды. 2025-2027 жылдары қарастырылып отырған барлық әлеуетті жобалардың жиынтық сомасы шамамен – 4,5 млрд доллар.

Маңызды жобалар қатарына: жылу электр станцияларының құрылысы, ірі металлургиялық кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын қаржыландыру, Атырау облысында полиэтилен зауытының құрылысы, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нысандары және тағы басқа жобалар кіреді.

2006 жылы құрылған сәттен бастап, Еуразиялық даму банкі Қазақстанда жалпы сомасы 7,2 млрд доллардан асатын 100-ден астам жобаны қаржыландырды. Атап айтқанда, Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және жаңғырту жобасы (Еуропалық қайта құру және даму банкі және Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесіп), сондай-ақ БАКАД (Үлкен Алматы айналма автожолы) құрылысы мен пайдалану жобасы (ЕҚДБ және Ислам даму банкімен бірлесіп) бар.

2024 жылдың 1 маусымында Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы іске қосылып, әуежайдың жылдық өткізу қабілеті 14 млн жолаушыға жетті және 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. ESG халықаралық стандарттарына сай, терминалда энергия тиімділігі, шу деңгейін төмендету және СО2 шығарындыларын жылына 3500 тоннаға қысқарту көзделіп отыр. Бұл терминал Орталық Азияда EDGE стандарты бойынша сертификатталған алғашқы әуежай болады.

Банк сондай-ақ 135 млн доллар көлемінде қаржы бөліп, Алматы қаласының айналасында ұзындығы 66 км болатын 1-А техникалық санаттағы айналма жол салынған БАКАД жобасын қаржыландырды. Бұл жол көлік ағынын арттырып, жылдамдықты жоғарылатып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Автожол “Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық бағытының маңызды бөлігі болып саналады. Жоба транзиттік жүк көліктерін қала шекарасынан шығарып, Алматы мен маңындағы аумақтардағы көлік жүктемесін төмендетуге көмектеседі.

Банк шекарааралық ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды да жүзеге асыруда. Мысалы, “Ақтөбе – Қандыағаш” және “Атырау – Астрахань (РФ шекарасы)” автожолдарын қайта жаңарту жобаларына шамамен 200 млн доллар бөлінді. Жобаның әлеуметтік әсері 1,7 млн астам адамды қамтиды және 1167 жаңа жұмыс орнын ашады.

Бұл жобалар Батыс Қазақстанның негізгі автожолдарын дамытуды, өңіраралық және халықаралық байланысты қамтамасыз етуді мақсат етеді. “Атырау – Астрахань” учаскесін жаңғырту халықаралық көлік инфрақұрылымының элементтерін қалыптастырып, “Солтүстік – Оңтүстік” көлік дәлізінің Шығыс бағытын дамытуға, яғни Орталық Азияны Ресей және Еуропа елдерімен байланыстыруға үлес қосады.

Өнеркәсіптік секторды қолдау аясында қуаты жылына 500 мың тонна болатын полипропилен өндіретін газ-химия кешенін қаржыландыруды атап өткен жөн. Бұл табиғи ресурстарды өндіруден олардың терең өңделуіне көшу жолындағы маңызды қадам болып саналады. Алдағы уақытта Банк мұнай-газ химиясы саласында басқа да полимерлерді өндіруге бағытталған жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр.

BAQ.KZ: Қазақстандағы инновациялық және технологиялық жобаларды қаржыландырудың басым бағыттары қандай? Жасыл экономика мен жаңартылатын энергия көздері бойынша қандай бастамалар қарастырылып жатыр? Қазақстандық кәсіпорындар үшін Еуразиялық даму банкінен қаржы алу талаптары қандай?

Николай Подгузов: Қазақстандағы инновациялық және технологиялық жобаларды дамыту мақсатында ЕҚДБ арнайы қор – Цифрлық бастамалар қорын (ЦБҚ) құрды. ЦБҚ-ның негізгі мақсаты – банкке мүше мемлекеттерде цифрлық трансформация құралдары мен тәжірибелерін қалыптастыруға жәрдемдесу. Бұл ақпараттық ресурстарды біріктіру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібі аясында жүзеге асырылатын жобаларды әзірлеу мен қаржыландыру арқылы іске асырылады.

ЕҚДБ Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық жүйелерді құру, қызмет көрсету және мемлекеттік басқару процестерін цифрландыру бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан бірқатар жобалар бар, соның ішінде:

– Инвесторлар мен инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, инвестициялар тарту жүйесінің барлық қатысушыларын біріктіретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа;

– БҰҰ Халықаралық электр байланысы одағымен бірлесіп Орталық Азия мен Кавказ елдерінде электронды үкіметті дамытуға арналған GovStack жобасы. Бұл жоба мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, заманауи цифрлық платформалар арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді;

– Қазақстанның су ресурстары бойынша ұлттық жүйе – “Qazsu”. Бұл жоба Қазақстандағы су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу процестерін цифрландыруға бағытталған. Жобаны іске асыру су ресурстарын тиімді басқаруға, мемлекеттік бақылауға және су қорын қорғауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту үшін мықты негіз қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты ЕҚДБ цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік қызметтер мен басқарудағы жекелеген рутиналық процестерді автоматтандыру үшін ЖИ қолданатын инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтап жатыр.

ЕҚДБ жасыл энергетикаға, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерімен (жел, күн және су) жұмыс істейтін нысандардың құрылысын қаржыландыруға ерекше назар аударуды жалғастырады және Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға үлес қосуға ниетті. Бұдан бөлек, банк қазіргі жұмыс істеп тұрған жылу электр станцияларын жаңғырту мен қайта құруды қажет деп санайды. Бұл – өз ресурсын сарқып, ескірген жабдықтарды қазіргі заманғы, экологиялық стандарттарға сай жүйелерге ауыстыруды білдіреді. Осы арқылы энергия тиімділігін арттырып, атмосфераға шығатын зиянды заттарды айтарлықтай азайтуға болады. Банк бұл бағытта Алматыдағы ЖЭО-3-ті (қуаты 500 МВт-қа дейін артады) көмірден газға көшіруді және Қарағандыдағы ЖЭО-3-те жаңа энергоблок салуды (қуаты 140 МВт) қаржыландырып отыр. 2018–2024 жылдар аралығында банк жалпы қуаты 1,2 ГВт болатын жобаларға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Бұл жобаларға Қарағанды, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жел және күн электр станциялары кіреді.

Алдағы уақытта да банк ЖЭК саласының дамуына қолдау көрсетуді жалғастырмақ. Қазіргі таңда банк жалпы қуаты 500 ГВт-тан асатын ЖЭК нысандарын салу бойынша мәмілелерді белсенді талқылау кезеңінде. Жобаларды бағалау кезінде банк үшін ең маңызды факторлар қатарында – интеграциялық және оң әлеуметтік-экономикалық әсердің болуы, экологиялық қауіпсіздік және ESG стандарттарына сәйкестік кіреді.

BAQ.KZ: Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін ЕАБР қандай жобаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр? Банк өңірлік дамуды қолдау үшін қандай бастамалар ұсынады?

Халықаралық даму банкі ретінде ЕҚДБ ЕАЭО-ға мүше елдердің бірнешеуіне бірдей жиынтық әсер бере алатын, экономикалық және интеграциялық құрамдас бөлігі бар жобаларды іске асыруға қолдау көрсетеді. Мұндай өзара іс-қимылдың бағыттарының бірі – көлік саласы, бұл Қазақстан мен ЕАЭО-ның басқа елдерінің Азия – Еуропа – Таяу Шығыс үштағанындағы көлік жолдарының торабында тиімді географиялық орналасуымен байланысты.

Банк сауда және транзит көлемін арттыруға, сондай-ақ өңір елдерінің әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндіктерін неғұрлым толық ашуға бағытталған Еуразиялық көлік құрылымы тұжырымдамасын әзірледі. Көлік, логистикалық және қоймалық инфрақұрылымды “үздіксіз” жеткізу тізбектерінің элементі ретінде дамыту – Банктің өңірлік дамуды қолдауға бағытталған негізгі басымдықтарының бірі.

2025 жылы біз қоймалық инфрақұрылымды дамытуға қатысты ірі зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл электрондық сауда, азық-түлік логистикасы, пошта мен жүк экспресс-жеткізу сияқты қарқынды дамып келе жатқан секторлар жағдайында Қазақстан мен көршілес елдерде сақтау және дистрибуция инфрақұрылымын салу мен жаңғыртуды қаржыландыру мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді.

Еуразиялық көлік құрылымы тұжырымдамасының тағы бір элементі – жұмсақ инфрақұрылым. Бұл жүктер мен көлік құралдарының қозғалысын, шекарадан өтуін реттейтін ережелер мен рәсімдер, оның ішінде шекаралық, кедендік және басқа да бақылау түрлері. Жұмсақ инфрақұрылымды жетілдіруден алынатын әсер физикалық инфрақұрылымды дамытудан түсетін тиімділікпен салыстыруға болады. Оның негізінде үш қағида жатыр – үйлестіру, үйлесімділік және цифрландыру.

Мәселен, егер шекарадағы жүк пен көліктің күту уақыты екі есе қысқарса, Орталық Азия елдерінің экспорты 18%-ға өсуі мүмкін. Сонымен қатар, цифрлық технологияларға және көлік-ілеспе құжаттарға көшу халықаралық автокөлік жүк тасымалдары кезінде шекарадан өту уақытын 4 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан көлік бағыттарын дамыта отырып, бір мезгілде жұмсақ инфрақұрылымды жетілдіру елде көліктік торап құруға, жоғары транзиттік әлеуетті тиімді іске асыруға, Орталық Азияда өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграциялық үдерістерге үлес қосуға мүмкіндік береді.

BAQ.KZ: Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар қажет деп есептейсіз?

Николай Подгузов: Қазақстан – нарықтың сыйымдылығы мен бизнесті жүргізу шарттары тұрғысынан инвесторлар үшін тартымды мемлекет. Ол Орталық Азия өңірінде экономика көлемі бойынша көш бастап тұр – өңірлік ЖІӨ-нің 56%-ын құрайды.

2014 жылдан 2024 жылғы қыркүйекке дейінгі аралықта елге тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі – 212 млрд доллар. Бұл 2005-2013 жылдар аралығындағы көрсеткіштен 25%-ға көп.

Инвестициялық әлеует одан әрі де дами береді. Біздіңше, өңдеуші өнеркәсіп саласы жаңа өсім нүктесіне айналуы мүмкін. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде сектордың өсімі шамамен 6%-ға, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Бұдан бөлек, Еуразиялық аймақта Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша да көш бастап тұр. ЕҚДБ-ның өзара инвестициялар мониторингі базасының мәліметінше, 2024 жылдың ортасына қарай Қазақстанға Еуразиялық өңір елдерінен тартылған өзара инвестициялар көлемі – 10,4 млрд доллар. Қазіргі уақытта 89 жоба іске асырылуда. 2022 жылдан 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі аралықта Қазақстан өзара инвестициялар өсімі бойынша аймақтағы ең жоғары көрсеткішті (17%) көрсетті.

BAQ.KZ: Геосаяси және экономикалық сыртқы факторлар ел экономикасына қалай әсер етеді және ЕҚДБ осы факторларға байланысты қандай қауіп-қатерлерді бағалайды?

Николай Подгузов: Біз жаһандық экономиканың 2025 жылы шамамен 3%-ға дейін баяулауын болжап отырмыз. Сонымен қатар, әлемдік экономиканың одан да қатты бәсеңдеуіне қатысты тәуекелдер арта түсті. Өсу қарқынына теріс әсер ететін құрылымдық факторлардың қатарына фрагментацияның күшеюі және қолайсыз демографиялық үрдістер жатады.

Сонымен бірге, жаңа сауда шектеулерінің енгізілуі әлемдік экономиканың жұмыс істеу шарттарын жақын және ұзақ мерзімді перспективада айтарлықтай өзгертуі мүмкін. АҚШ тарапынан бірқатар елдерге қатысты енгізілетін кедендік баж салығы және оған жауап ретінде қабылданатын шаралар жаңа сауда соғыстарының басталуына және деглобализацияның күшеюіне алып келеді. Нәтижесінде, сауда ағындарының бағыттары мен көлемі өзгеріп, бұл жеке елдер үшін де, жалпы әлемдік экономика үшін де елеулі шығындарға әкелуі мүмкін.

Мұнай бағасы, біздің бағалауымыз бойынша, ұсыныстың жаһандық артуы мен төмен көміртекті энергия көздеріне көшу аясында төмендейді. 2025-2027 жылдар аралығында Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы 65-70 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Салыстырар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш орта есеппен 81 доллар еді.

Экспортталатын тауарларға сыртқы сұраныстың және шикізат бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына теріс әсер етуі мүмкін. Алайда экспортты әртараптандыру мен ішкі сұранысты арттыру есебінен өсім әлеуеті жоғары болғандықтан, біз 2025-2027 жылдар аралығында Қазақстан экономикасының орташа өсімі 5,5% деңгейінде болады деп болжап отырмыз.

BAQ.KZ: Қазақстандағы инфляция және ұлттық валютаның тұрақтылығы бойынша банктің болжамдары қандай?

Николай Подгузов: 2025 жылғы наурыз айындағы жылдық инфляция 10% болды. Бағаның өсуіне әсер еткен негізгі факторлар:

  • тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің артуы,
  • жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы,
  • негізгі сауда серіктес елдердегі инфляцияның жеделдеуі,
  • сондай-ақ ҚҚС мөлшерлемесінің ұлғаюы.

Осыны ескере отырып, 2025 жылдың наурызында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 125 базистік пунктке көтеріп, 16,5%-ға жеткізді. Бұл шешім болжамды кезең ішінде инфляцияны мақсатты дәлізге қайтаруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, 2028 жылға қарай баға өсімі шамамен 5% деңгейіне дейін баяулайды.

Ұлттық валютаға келсек, жаһандық қаржы нарықтарындағы құбылмалылық теңге бағамының өзгермелілігін күшейтті. Дегенмен, біз бұл ауытқуларды уақытша құбылыс ретінде бағалап отырмыз және экономиканың сыртқы жағдайларға бейімделуіне қарай, сондай-ақ белгісіздік деңгейі азайған сайын теңге бағамы біртіндеп тұрақталады деп күтудеміз.

Елдегі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде:

  • еркін өзгермелі айырбас бағамы режимі;
  • қатаң ақша-кредит саясаты маңызды рөл атқарып отыр.

Ұлттық банк сыртқы күйзелістерге уақытылы және салмақты түрде әрекет етіп отыр. Базалық мөлшерлемені көтеруге қосымша, ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтқанда:

  • квазимемлекеттік сектор субъектілеріне экспорттық валюта түсімінің 50%-ын міндетті түрде сатуға қойылатын талап қайта енгізілді;
  • ішкі нарықта валюталық интервенциялар жүргізілді.

Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылы теңге бағамы орташа алғанда қазіргі деңгейде сақталады. Бұл деңгейге жоғары базалық мөлшерлеме және квазимемлекеттік сектор тарапынан валюталық түсімнің 50%-ын міндетті сату тәртібі қолдау көрсетеді. Орта мерзімді перспективада теңге шамамен жылына 2%-ға әлсірейді деп күтілуде.

BAQ.KZ: Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі сарапшылар арасында жүргізген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Сауалнама барысында мұнай бағасы, экономика өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, экспорт-импорт және теңге бағамы сияқты негізгі параметрлер талқыланды.

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің қазіргі жағдайын түсіндірді. Оның айтуынша, дүрлігуге негіз жоқ.

ПІКІР ЖАЗУ