Егер жалақыңыз жыл сайын өспесе, онда кедейленіп бара жатырсыз – сарапшы

Елімізде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы оның көлемі төмен дейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең төменгі жалақы көлемін өзгерту керек деп есептеймін. Себебі бізде осымен екінші жыл қатарынан ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Бюджет туралы заңды қарасақ, келесі жылы да 85 мың теңге болады. Яғни қатарынан 3 жыл осы сома болмақ. Әлемдік деңгеймен салыстырғанда бұл төмен. Себебі Дүниежүзілік банк 200 доллардың өзін ең төмен жалақы ретінде санайды. Қазір 200 доллар шамамен 100 мың теңге. Бізде осы 100 мың теңгенің көлеміне де жетіп тұрған жоқ, – деді сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы бізде инфляция да, девальвация да жоғары деңгейде екенін қоса кетті. Мысалы, инфляцияның ресми көрсеткішінің өзі 8,9%.
Бағалардың қымбаттауы, яғни қызметтер бағасы 3%-ға, азық-түлік 8%-ға жоғарылаған. Мұның бәрі бізге әсер етеді. Бірақ бізде айлық көтерілмейді. 85 мың теңге болып қала береді. Сәйкесінше бұл халықтың жағдайын төмендетіп, қиындатады. Тағы бір айтқым келетіні, мысалы, сіздің айлығыңыз 500 мың теңге делік. Бірақ егер осы айлық жыл сайын көбейіп отырмаса, онда кедейленіп жатырсыз деген сөз. Себебі сіздің айлығыңыз өспеді, бірақ инфляция жыл сайын көбейіп отырды. Бағалар да жыл сайын қымбаттады. Бұрын 500 мың теңгеге ала алатын өмір сапасын бұл ақшаға ала алмайсыз. Сондықтан мұндай жағдайда әрбір адам ойлануы керек. “Қазіргі табысым қанша?”, “Табысым жыл сайын көбейді ме? Егер көбеймесе, қосымша не істей аламын?” деген сұрақтарға жауап іздеу қажет, – дейді сарапшы.
Ол жан-жақты ізденсе, адам заман талабына сай табыс таба алатынын айтады.
Бұған дейін Гүлнұр Нұрланқызы “Неге несиесіз өмір сүре алмаймыз?” және “Тамақты несиеге алу дұрыс па?” деген сұрақтарға жауап берген болатын.
Сондай-ақ қаржылай сауатты болудың жолдарын да сілтеді.
Сарапшының айтуынша, елімізде бірнеше миллион адам кедейлікте өмір сүріп жатыр.
Сонымен бірге Гүлнұр Нұрланқызы қарыздан құтылудың ең жылдам жолын айтты.