Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионына құрмет көрсетілді

Көнеден келе жатқан ұлттық ойынымыз көкпар десе-Түлкібас ауданында ішкен асын жерге қояр азаматтар аз емес. Қасиетті өңірімізден аталған спорт түрінен әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарында еліміздің, өңіріміздің намысын қорғаған палуандар жетерлік. Солардың қатарындағы жерлесіміз, Түркістан облысының №6 спорт мектебінің түлегі, Азия чемпионы Мамыт Әділет Әмірбекұлын ерекше атап өткіміз келіп отыр.

Жерлесіміз жуырда Түркия елінде өткен дүниежүзілік көшпенділер ойынында ұлттық құрама сапында қатысып, еліміздің көк туын халықаралық аренада желбіреуіне өлшеусіз үлес қосып, әлем чемпионы атанды.

Бүгін еліміздің мақтанышы Әділет Әмірбекұлын бапкерлерімен және еліміздің оның ішінде өңірімізде көкпар спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтармен бірге аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы қабылдап, жеңстерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Атап айтсақ, ауданымыздың құрметті азаматы, КСРО-ның 9 дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, Түркістан облысының ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Молдабекұлы, жерлесіміз, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, белгілі шабандоз Жаныс Тұрсынұлы, жерлесіміз, Түркістан облысының 9 құмалақ федерациясының президенті, жеке кәсіпкер Нұрғали Төребекұлы, облыстық ұлттық спорт мектебінің орынбасары Алданұр Алматұлы және ҚР еңбек сіңірген спортшысы, облыстық ұлттық спорт мектебінің орынбасары Нұржігіт Бақдаулетұлы болды.

Елімізде көкпар спортының даму жолында өлшеусіз үлес қосқан Әбілхан Дауылбаев ағамыз бастаған қонақтар, жас палуанға өз құттықтауларын жеткізіп, ұлттық спортымызды дамыту жолында әңгіме өрбітті.

Нұрлан Мархабатұлы ұлттық кодымыздың ажырамас бөлігі, көкпар спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтады салт-дәстүрімізге сай иықтарына шапан жауап, естелік сыйлықтар мен Алғыс хат табыстады.

Ауданымыздың тумасы, спорт жанашыры Түркістан облысының 9 құмалақ федерациясының президенті, жеке кәсіпкер Нұрғали Төребекұлы ауданымыздың мерейін үстем еткен Әділет Әмірбекұлына 1 млн.теңге сертификат табыс етіп, алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын екенін тілге тиек етті.

Арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсеткен аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлына көкпар жанашырлары алғыстарын білдіріп, ел игілігі жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Айта кетерлік, Түркия елінде өткен байрақты бәсекеде көкпаршыларымыз қарсылас шақ келтірмеді. Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуде Өзбекстанды 8-1 есебімен, ал екінші кездесуінде Моңғолия командасын 12-2 есебімен тізе бүктіріп, финалға шыққан болатын. Ақтық айқаста Қырғыздармен ойнаған құрама соңғы сәтте жеңісті жұлып алды. Қортынды есеп: 4:3 аяқталып, Көкпар құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Жерлесіміз Әділет Әмірбекұлы финалдық ойында еліміздің құрамасы Қырғыз құрамасынан 2:3 есебімен ұтылып тұрған жерінен салым саның теңестіріп, шешуші ойында маңызды екі салымға қол жеткізген.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызмет

ПІКІР ЖАЗУ