“Дүйсенбі – ауыр күн”: Ғылыми зерттеу бұл күннің неге күрделі болатынын анықтады

Дүйсенбі күндері ми мен дене әлдеқайда көп шаршайды. Тіпті бұл күннің денсаулыққа зиян тигізетін әсері бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Scientific American журналына сілтеме жасап.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жұмыс аптасының басталуы – ұзақ мерзімді перспективада денсаулыққа әсер ететін биологиялық тұрғыдан өлшенетін стресс факторы болуы мүмкін.

Дүйсенбі күндері басқа күндермен салыстырғанда мазасыздық, күйзеліс деңгейі және тіпті суицидтік бейімділік жоғарырақ байқалады. Әртүрлі елдерде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, дүйсенбі күні инфаркт пен басқа жүрек-қан тамырлары ауруларынан кенеттен көз жұму ықтималдығы ерлер мен әйелдердің барлық жас топтарында 19 пайызға артады, – делінген жарияланымда.

Сонымен қатар, дүйсенбі күнінің әсері көңіл-күйдің уақытша өзгерістерімен ғана шектелмейді. Дүйсенбі сайын мазасыздық сезіміне шағымданатын адамдарда бірнеше ай бойы күйзеліс жағдайына жауап беретін жүйенің белсенділігі жоғары болатыны анықталған.

Тағы бір таңғаларлығы – мұндай әсер зейнетке шыққан, жұмыс істемейтін қарт адамдарда да сақталады. Бұл кей адамдар үшін дүйсенбідегі күйзеліс – өмір бойы жалғасатын жүк болуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік береді, – деп жазады басылым.

Ғалымдар 50 жастағы және одан үлкен 10 мыңнан астам Ұлыбритания тұрғынына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде дүйсенбі күндері мазасыздықтың кортизол деңгейіне (стресс гормоны) әсері күшейетіні анықталған. Яғни жұмыс аптасының алғашқы күніндегі мазасыздық ағзадағы стресс гормондарының деңгейіне басқа күндерге қарағанда әлдеқайда күшті әсер етеді.

Неліктен дәл дүйсенбі ағзаға осындай күшті әсер етуі мүмкін? Мұның бір себебі — демалыс күндерінен құрылымдалған жұмыс аптасына ауысу өз алдына стресс факторы саналады. Кей адамдар оған басқаларға қарағанда жақсырақ бейімделеді. Тағы бір себебі — дүйсенбі күні белгісіздік деңгейі жоғары болады. Бұған дейінгі зерттеулер көрсеткендей, күту мен белгісіздік – күйзеліс пен мазасыздықтың негізгі себептері. Апталық ырғаққа бейімделе алмайтын адамдарда дүйсенбі сайын қайталанатын стресс жылдар бойы жиналып, ақыр соңында ағзаның стресс жүйесін реттеу қабілетіне ұзақмерзімді әсер етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде түрлі аурулардың даму қаупін арттырады, – делінген жарияланымда.

Зерттеу нәтижесі анықтағандай, кей адамдар дүйсенбі сайын соншалықты жиі мазасыздық сезінеді. Бұл олардың ағзасында автоматты реакцияға айналған. Тіпті бастапқы тітіркендіргіш фактор (мысалы, күйзеліс тудыратын жұмыс) жойылғаннан кейін де бұл сезім сақталады. Бұл құбылыс ондаған жылдар бойы қалыптасқан психикалық және физикалық әдеттердің терең орнығуымен байланысты болуы мүмкін.

Біздің зерттеу нәтижелеріміз көрсеткендей, кей адамдар үшін “дүйсенбілік күйзеліс” – жай ғана уақытша қолайсыздық емес, ұзақ мерзімге, тіпті өмір бойына созылуы мүмкін тұрақты стресс көзі. Ол физикалық және психикалық денсаулыққа зиянды әсер етеді, – деп атап өтеді зерттеу авторлары.

Сонымен қатар, зерттеушілер мидың күйзеліске реакциясы икемді екенін еске салады, яғни ол өзгеруі мүмкін.

Эмоцияларды реттеуге көмектесетін тәсілдер — медитация, зейінділік (осознанность), тұрақты физикалық белсенділік және ұйқы гигиенасын сақтау — мидың апталық жұмыс ырғағын қалпына келтіріп, күйзеліске байланысты денсаулыққа төнетін қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін ғалымдар күніне 15 грамм ет жеуге кеңес берген болатын.