Достық-Мойынты бағыты елге қандай пайда әкеліп отыр?

“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ “Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы” филиалының директоры Вадим Владимирович Копылов медиа-кездесуде “Достық-Мойынты” жобасының іске асырылуы мен елдің транзиттік мүмкіндіктерінің кеңеюі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Достық стансасы алғаш 1990 жылы ашылды. Ол кезде Қытай тарапынан Алашанькоу стансасы ашылып, екі елдің темір жолдары түйістірілді. Сол кезде тәулігіне бар болғаны 10 вагон өткізіліп отырды. Ал қазір бұл көрсеткіш тәулігіне 800 вагоннан асты. 35 жыл ішінде 400 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды. Әсіресе соңғы жылдары өсім қарқынды болды: 2015 жылғы 7,5 млн тоннадан бүгінде 32 млн тоннаға жеттік, – деді Копылов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Достық және Алтынкөл өткелдерінің жиынтық өткізу мүмкіндігі 28 млн тоннаны құрайды. Алайда 2023 жылы іс жүзінде 32 млн тоннаға дейін жеткізілген. Бұл ретте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, жаңа ұйымдастырушылық және логистикалық шешімдердің арқасында жоғары көрсеткішке қол жеткізілген.

Контейнерлік транзит сондай-ақ тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Мысалы, 10 жыл ішінде ҚХР – ЕО —ҚХР бағыты 12 есе, ал Транскаспий бағыты (ТМТМ) 21 есе өсті. ҚР-ҚХР арасындағы тасымалдау көлемі 2025 жылдың 8 айында 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 23,2 млн тоннаны құрады. Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдар енгізілгеннен соң, ҚХР-дан тасымалдар 2025 жылы 35 млн тоннаға жетуі мүмкін, оның ішінде кен, металл және азық-түлік экспорты, сондай-ақ Шығыс-Батыс және Шығыс-Орталық Азия бағыттары бойынша транзиттік жүктер.

Мысалы, Қытайдан келген контейнерлерді бос жартылай вагондарға тиеп, оларды Астанаға дейін жеткізіп, онда қайта тиеу тәжірибесін енгіздік. Соның арқасында айына 120-130 пойыздық бос жүріс үнемделді. Бұл тәсіл арқылы жүк өткізу көлемін едәуір арттырдық, – деді ол.

Жалпы ұзындығы 836 шақырымды құрайтын “Достық-Мойынты” жобасы бірнеше кезең бойынша ашылды. Соның нәтижесінде бұрын тәулігіне 12 пойыз қабылдай алатын желі қазір тәулігіне 60 пойызға дейін өткізе алады.

Бұл Қазақстанның экспорттық әрі транзиттік әлеуетін толық пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, біз Алтынкөл-Жетіген учаскесін жаңғыртуды және Қызылжар-Мойынты жаңа желісін салуды жоспарлап отырмыз, – деді Копылов.

Ол Қазақстанның жүк номенклатурасы да кеңейіп келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары Қытайға астық пен мал азығын экспорттау көлемі айтарлықтай өскен.

Биылғы 8 айда құрама жемді контейнермен тасымалдау 5 есе артты. Былтыр Қытайға 3 млн тоннадан астам астық, оның ішінде ұн, жемшөп және дәнді дақылдар жөнелтілді. Биылғы жоспарымыз – тағы да 3 млн тонна, – деді ол.

Сонымен қатар контейнерлік логистика да дамып жатыр. Қытайға жөнелтуді жеделдету үшін Ресейден қайтарылатын контейнерлерді Қазақстанда қайта тиеп, Қытайға жеткізу жобасы іске қосылған.

2023 жылы барлық бағыттағы тасымал көлемі 228 млн тонна болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 303 млн тоннаға жетті. 2025 жылы тағы 8 млн тоннаға ұлғайту жоспарланып отыр.

Қазақстанда бүгінде 17 ірі теміржол терминалы бар. Жақында Алматыда небәрі 88 күнде салынып біткен “Жетісу” терминалы ашылды. Оның қуаты – жылына 115 мың ЖФЭ. Ақтауда контейнерлік хабтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қытаймен бірлескен “Құрғақ порт” жобасы жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Ресей мен Беларусь аумағында серіктес терминалдар жұмыс істейді.

Мұның бәрі толыққанды “есіктен есікке” логистикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Копылов.

Алдағы жоспарлардың ішінде Бақты өткелі арқылы үшінші шекаралық өткелді ашу бар. Жоба 2027–2028 жылдары іске асырылуы тиіс.

Соның арқасында транзиттік қуат шамамен 100 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Халықаралық консалтингтік компаниялардың болжамынша, 2035 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі 100 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін, – деп түйіндеді Вадим Копылов.