Дональд Трамп үшінші дүниежүзілік соғысты болдырмауға уәде берді

 АСТАНА, KAZINFORM – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қазіргі уақытта әлемге жақындап келе жатқан үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алуға уәде берді. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мен үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын аламын. Біз үшінші дүниежүзілік соғысқа өте жақын тұрмыз және бұл өзгелеріне ұқсамайтын соғыс болады», – деді ол бейсенбі күні жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде. 

Тікелей эфир RSBN консервативті медиакомпаниясының  арнасында көрсетілді. 

Трамп сонымен қатар Ақ үйдегі «Сопақ кабинетіне келгенге дейін» бейбітшілікті қалпына келтіре алатынын, соның ішінде Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты реттей алатынын атап өтті. 

Бұған дейін Трамп қайта сайланған жағдайда Украинадағы қақтығысты 24 сағат ішінде шешуге ниетті екенін айтқан болатын.

АҚШ президентінің келесі сайлауы қараша айында өтеді. 2023 жылдың 25 сәуірінде америкалық көшбасшы Джо Байден жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануға ұмтылатынын мәлімдеді. Трамп 2022 жылдың қарашасында сайлау додасына қатысатынын жариялады.

ПІКІР ЖАЗУ