Доллар неге арзандап жатыр: Сарапшы түсіндірді

АҚШ-та Дональд Трамптың саясаты аясында доллардың әлемдік нарықтағы позициясы әлсірей бастады. Сарапшылар мұны сауда соғыстарының күшеюімен, мемлекеттік қарыздың өсуімен және инвесторлардың америкалық қаржы құралдарынан біртіндеп бас тартуымен байланыстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

R-Finance қаржы талдаушысы Арман Байғановтың пайымдауынша, әлемдік қаржы орталығының бір бөлігі дамушы елдерге қарай ойысып, бұл да доллардың тұрақтылығына әсер етуде. Мамандардың айтуынша, қаржы және салық саясатының жиі өзгеруі инвесторлар сенімін төмендетіп, АҚШ валютасына қысымды күшейтіп отыр.

Трамп билікке келгеннен кейін доллардың позициясы біршама әлсіреді, яғни доллар индексі негізгі әлемдік валюталарға қатысты айтарлықтай арзандады. Мұның басты себептерінің бірі – долларға деген сенімнің едәуір төмендеуі. Ең алдымен, бұған түрлі сауда соғыстарының басталуы әсер етті. Ол кейде негізгі сауда серіктестеріне қатысты протекционистік шараларды енгізіп, кейін келіссөздер арқылы жұмсартуға тырысты. Мұндай тұрақсыз әрекеттер де нарыққа теріс әсер етеді, – деп атап өтті сарапшы.

Ол сонымен қатар Қытай, Сауд Арабиясы, Жапония сияқты елдер өз инвестициялық портфельдеріндегі америкалық қарыз міндеттемелерін біртіндеп қысқарта бастағанын алға тартты. Яғни олардың орталық банктері АҚШ-тың қазынашылық облигацияларын азайтып жатыр. Бұл да доллардың әлсіреуіне белгілі бір деңгейде әсер етеді.

АҚШ қарызы өсіп жатыр

Тағы бір маңызды фактор – әлемде тек АҚШ емес, басқа да қаржы нарықтары қарқынды дами бастады.

Қаржы орталығы біртіндеп шығысқа қарай ойысып келеді. Мысалы, Үндістан және басқа да дамушы елдер қазір өте белсенді өсіп жатыр. Ал АҚШ-та, керісінше, көптеген бизнес салалары жабылып жатыр. Екіншіден, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы үнемі өсіп келеді. Бұл да долларға деген сенімге кері әсер етеді. Яғни ақша массасының шамадан тыс көбеюі байқалады. Трампқа дейін де мемлекеттік қарыз болған, бірақ оның тұсында бұл көрсеткіш одан әрі артты. Ол оны қысқартуға тырысып жатыр, бірақ соған қарамастан қарыз көлемі өсіп келеді, – дейді Арман Байғанов.

Айта кетерлігі, Илон Маск та мемлекеттік қарызды азайтуға әрекет еткен, бірақ олардың арасында келіспеушілік туындады. Осы мақсатта құрылған агенттік кейін таратылды. Бұл да өз әсерін тигізбей қоймайды.

Саяси тұрақсыздық, реформа: Доллар бағамына қысым

Сарапшының мәліметіне сүйенсек, қазір Трамп тарапынан белгілі бір деңгейде күрес жүріп жатыр. Ол Федералдық резерв жүйесін бақылауға алғысы келеді. Бірақ бұл орган табиғаты бойынша тәуелсіз болуы тиіс.

Ол өзінің жақтастарының бірін осы құрылымға тағайындауға тырысып жатыр. Интернеттен кейін нақты фамилиясын қарап көруге болады. Егер өз адамын қойса, базалық мөлшерлемені тезірек төмендету мақсаты болуы мүмкін. Ал бұл, өз кезегінде, доллардың әлсіреуіне алып келеді. Өйткені ақша массасы көбейеді, несие мен қаржы ресурстары арзандайды. Осы факторлардың бәрін ескеру қажет, – дейді қаржы талдаушысы.

Ал қаржы саясаты мен саяси жағдай бойынша нақты, ұзақ мерзімді стратегия болмаған кезде, сондай-ақ түрлі соғыстар мен сыртқы шиеленістер кезінде бұл елдің валютасына міндетті түрде теріс әсер етеді. Заңнаманың, салық саясатының жиі өзгеруі де әсерін тигізеді. Трамптың кезінде көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Ал басқа президент келген кезде саясат тағы өзгереді.

АҚШ-та саясаттың сабақтастығы әлсіз. Салық саясаты да, экономикалық саясат та жиі және түбегейлі өзгеріп отырады. Мұндай жағдайда бизнеске жұмыс істеу қиын, инвесторларға да бейімделу оңай емес. Тарифтік саясаттың, салық жүйесінің қалай өзгеретінін нақты болжау мүмкін болмаған кезде, керісінше, инвестиция ағыны азаяды. Инвесторлар бұл экономикадан қаражатын шығара бастайды. Яғни инвестиция көлемі қысқарады. Осындай жағдайда орта мерзімді тұрақтылық болмаған кезде, бұл факторлар ұлттық валютаға міндетті түрде кері әсер етеді, – деп түйіндеді сарапшы.