Діни сауаттылық – заман талабы

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында — Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы азаматтарды қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға алдын ала жазылған түркістандық Ұлбала Дүйсенбекова қаладағы «Қуаныш» базарында діни кітаптар мен газет-журналдар сатып нәпақасын табатынын, алайда оған аталған кітаптарды сатуға рұқсат қағазы болмағандықтан айыппұл салып кеткенін айтып, шағымданды. Шағын кәсіп иесі заңдылығын түсіндіріп беруін өтінді. Рүстем Сабыржанұлы жеке кәсіпкердің ҚР заңына сәйкес әрекет етуі тиістігін айтып, діни әдебиеттерді сату тәртібін түсіндірді. ҚМДБ сараптамасынан өткен кітаптарды сатуға рұқсат алу үшін eGov электронды жүйесі арқылы өтініш тастауға болатынын жеткізді.

Басқарма басшысының тұрғындарды қабылдайтынын алдын ала хабарландыру арқылы білген шалғай елді мекенде тұратын бірқатар азамат онлайн байланысқа шығуды өтінген-ді. Сауран ауданынан онлайн байланысқа шыққан Мұхит Ахметов осы саладағы өзін толғандырған мәселелер бойынша өтініш-тілегін жеткізді. Ең алдымен аудан орталығындағы орталық мешіт имамдарының әрекеттеріне көңілі толмайтынын, кейбір олқы тірліктері көңіл көншітпейтінін жеткізді. Одан соң, ауылдағы мазаратты қаңғыбас иттер қаптап, кейбірі мүрде топырағын қазып тастайтынына өкініш білдірді. Осы мәселеге қандай да бір тосқауыл болатындай әрекет қарастырып беруді сұрады. Сондай-ақ, ауыл мешітіне діни кітаптардың жетіспеушілігіне назар аудартты. Ауыл тұрғынының арыз-шағымын мұқият тыңдаған Рүстем Сабыржанұлы аталған мәселелерге байланысты ҚМБДБ Түркістан облыстық өкілдігінің жауапты тұлғаларымен ауылға арнайы барып, кездесу ұйымдастыратынын, өзекті жәйтті ортаға салып шешетінін айтты. Ал, қаңғыбас иттер бойынша аудан әкімі мен облыстық ветеринария басқармасына ақпар берілетіні, діни әдебиеттерге жәрдем көрсетілетіні айтылды.

Түркістандық Тамара Елисеева Қ.А.Ясауи кесенесі маңында сатылып жатқан кітаптардың тексерілгендігіне күмән келтіреді. Қала тұрғыны аталған әдебиеттерді жастардың жиі сатып алатынына алаңдаушылық білдірді. Басқарма басшысы кесене маңындағы кітаптардың қатаң қадағаланатынын, онда үнемі мониторинг жүргізіліп тұратынын, алаңдауға негіз жоқ екенін еске салды. Созақ ауданынан онлайн байланысқа шыққан мешіттің найб имамы Бекет Алашбаев 3 ауылда діни қызметкер жетіспейтінін, кадр мәселесіне назар аударуын өтінді. Рүстем Сабыржанұлы аталған сұрақты ҚМДБ облыстық өкілдігіне жеткізетінін, мейлінше оң шешілуіне ықпал ететінін хабарлады.

Қоғамдық қабылдауға жазылғандар бұдан бөлек, мемлекеттік орындарда намаз оқуға рұқсат бар ма, дінтанушы мамандарының жаназа шығаруына бола ма, деген сияқты діни рәсімдерге қатысты бірқатар сауал жолдады. Басқарма басшысы азаматтарды толғандырған сауалдарға мейлінше нақты жауап берді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ