Діни лидерлер әділ және қауіпсіз әлем үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшылығының ХХІ отырысы Астана қаласында 2023 жылы 11 қазанда өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды аталған отырыстың ашылуымен құттықтаған болатын.

Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекетіміз дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсететінін, оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанатынын көрсетіп келеді.  Қазақстанда бір дөңгелек үстел басына ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм, бахаи, және басқа да діндердің діни жетекшілерін, сондай-ақ 23 елдің саяси қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады. Қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтыған сьезд хатшылығының  XXI отырысына  қатысушылар 2023-2033 жылдарға арналған «Діни лидерлер әділ және қауіпсіз әлем үшін» даму Тұжырымдамасын бекітті.

Съездер бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шараларды (секциялық отырыстарды) өткізу көзделетін болады. Жас лидерлерді Съезд қызметіне тарту алдағы жылдары өркениетаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін сақтаудың кепілі болып табылады.

Съездің құрылымдары қазіргі жас ұрпақты толғандыратын мәселелерді шешу үшін халықаралық жастар диалогы мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады. Съезд құрылымдары дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті ілгерілету мақсатында діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және басқа да ұйымдармен ынтымақтасатын болады. Осы мақсатта Съезд аясында жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.  Съезге қатысушылар жастарды экстремистік идеологиялардың ықпалынан қорғап қалуды маңызды міндет деп санайды және жастар ортасында радикализмнің таралуына қарсы тұру кезінде халықаралық қоғамдастықтарға және ұлттық үкіметтерге жәрдем көрсетеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне биылғы жылы 22 жыл толып отыр. Осы 22 жыл уақыт ішінде Қазақстан өзінің бірлікке бастар саясатын әлемге мойындатып үлгерді. Елорда – азды-көпті жаһандық дау-дамайларды шешетін диалог орталығына айналды. Осылайша, әлемге бейбіт елдің үлгісін көрсетті.

Съездің VII шақырылымында Қазақстан әлемнің назарында болды. Кезекті жиынға 50-ден астам елден 100-ден аса делегация қатысты. Олардың ішінде, форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Үстел басына жиналған дін өкілдеріне ортақ бір ғана мақсат бар. Ол – барлық адамзатқа ортақ адамгершілік қағидатын насихаттау, тату болу.

Әр үш жылда шақырылатын Съезд жұмысы болашақта ашық пікірталас пен сындарлы диалогқа негізделген жалпы демократиялық құндылықтарды сақтау шеңберінде дамып отырмақ.

ПІКІР ЖАЗУ