Діни білім алуда қателеспейік

Радикалды жат ағымдар күллі әлемді алаңдатып отырғандықтан, оларға тосқауыл қоюдың жолдарын жан-жақты қа­растырудың мәні айрықша. Бұл орайда, рухани-адамгершілік құндылығымыздың ажырамас бір бөлігі бо­лып табылатын, қазақтың ұлттық дәстүрлерімен тамырлас, руханиятымызға етене жақын, түпта­мыры әріден басталатын дәстүрлі дінімізді жұртшылық арасында кеңінен насихаттаудың, оған қатысты ке­шенді іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңызы зор.

Жасыратыны жоқ, арамызда ислам атын жамылып жүрген теріс пиғылды әсіредіншілдердің өз ұстанымдарын, қитұрқы идеологиялық сая­сат­тарын оңды-солды тықпалайтыны жиі кездеседі. Ондағы басты мақсат – қатарын көбейту. Оң-солын толық танып үлгермеген жастардың жат ағымдар мен секталарға ілесіп кетуі оп-оңай.

Шетелде білім алу адамның таным көкжиегін кеңейтетіні белгілі. Оқушы білім алумен қатар сол елдің мәдениетімен етене танысып, өз туған жерімен салыстыра қарайды. Өзге елдің даму үрдісін байқайды, тәжірибе жинақтайды. Соңғы жылдары шетелде діни білім алудың қауіп-қатері жиі көтеріліп жүр. Өйткені, өзге елге білім қуып барған қазақ жастарының ішінде діни ағымдардың ықпалына түсіп, теріс идеологияның қолшоқпары болып кеткендер аз емес. Әлі күнге Қазақстанды былай қойып, шет жердегі бейресми оқу орындарында білім алуды құп көретіндер баршылық.  Қазіргі жастардың шетелде білім алып, болашағына сеніммен қарап, отанына керекті маман боламын деген ұмтылыстары құптарлық іс.

Елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және әртүрлі гранттар мен жеке қаражат есебінен шетелде білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен, шетелде білім алудың пайдалы тұстарымен қатар, қатерлі тұстары да қатар жүретіні сөзсіз. Оның бірі – экстремистік діни ағымдардың ықпалында қалу қаупінің басымдығы. Қазіргі күнде әртүрлі жалған және экстремистік ағымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарын толықтыруды көздейді.

Бүгінгі таңда, радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы отандастарымызды өз қатарларына тарту фактілері аз емес. Қазақстанда орын алған лаңкестік актілерді талдаудың нәтижесі бойынша, лаңкестердің 55% – 29 жасқа дейінгі адамдар, 35% – 30-39 жас аралығындағы адамдар, ал, 10%  – 40 жастан асқан адамдар екені анықталған.

Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Вконтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтар шамамен 70%-ы дәстүрлі емес ислам идеологиясына қатысты екен. YouTube, Facebook, Instagram, Вконтакте, Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілердің пайдаланушылардың арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділі туралы біліп алғаны жөн.

Белгісіз «хұжыралар» мен «марказдарға» (діни орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Шетелде оқып, елге оралған жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет. Қазіргі таңда, діни білім алуды армандаған жастар отандық діни оқу орындарында да білім алуда.

Жастардың сапалы діни білім алуда Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білуі керек. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті мен 9 медресе жұмыс істейді. Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті бар. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

Зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде 5 жоғары оқу орнында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «дінтану» мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 1000-ға жуық студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алуда.

Бала шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде оқып жатқанын білуі міндетті. Ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдардың атауларын әртүрлі зайырлы неме­се ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Шетелге шығатын қазақстандық жастар әртүрлі қауіп-қатерлерге тап болып жатады. Басты қауіп  білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келең­сіздіктерге атауы беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар тарапынан қаржылай көмек алатын шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекеттің бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, белгісіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде теріс діни ағымдардың құрығына тап болуы мүмкін.

ПІКІР ЖАЗУ