Дінді ұстанғанда тіл, тарих, дәстүрді ескеруіміз қажет!

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы қала халқын, оның ішінде жастарды қауіпті ақпараттардан сақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі күні ақпараттың ағыны қатты. Оларды талғап оқып, таңдай білмесе, бұл ағын адамдарды адастыруы мүмкін. Әсіресе дінге байланысты теріс насихат-үгіттер талайдың тағдырын талқандады. Діни фанаттар – белгілі бір ағымның ұстанушысы және сол ағымның талаптарына соқыр сеніммен қарайтын топ.
Әлеуметтік желіні қолданушы жастар ағылып жатқан ақпаратты оқып, оны тарату мен бөлісуде өте сақ та сауатты болғаны жөн. Діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды шығару, жариялау мен таратуға байланысты заң бар.⠀Егер таратып отырған ақпаратыңыз арнайы діни конфессия ретінде тіркелмеген ұйымдікі болса немесе Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті жүргізген сараптама қорытындысы бойынша рұқсат етілмесе, жауапкершілікке тартыласыз.
Әкімшілік кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады, ол үшін 100 АЕК теңге көлемінде айыппұл төлетеді. Таратылған әдебиет пен материалдардың тигізген зиянына қарай қылмыстық іске де тартып кетуі мүмкін. Ол дегеніңіз сотталу қаупін туғызады. Білмей, байқамай таратқан жағдайда да бұл жауапкершіліктен, жазадан ақтап қала алмайды.
Ғаламтор арқылы экстремистік ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін:
1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық;
2) соғысқа шақыру;
3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау;
4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу;
5) сананы психологиялық улануға душар ету.
Білместікпен аранда қалмау үшін діни сауатты ресми сайттардан алу қажет. Деструктивті діни идеологиялар қазір интернет арқылы таралады. Көбіне қаскөйлер шетелдік веб-ресурстарда отырып теріс уағызды насихаттайды.
Ішкі істер министрлігі өз тарапынан оларды бұғаттау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді.
Діни фанатизм – бeлгілі бір діни қағидаларға баc ұрып, coған тәуeлді бoлуды білдірeді. Фанатизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екендігін өткен ғасырдағы ұлттық фанатизм дертімен ауырған фашистік германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм бола ма, қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқаларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы. Діни фанатизмге жеткізетін ол сол азаматтың діни сауаттылығының жетіспеушілігі.
Ислам дінінің атын жамылған лаңкестік ұйымдардың әрекеті уақыт өткен сайын өңін айналдырып, жаңа кейіппен қарапайым жұртшылықты құрбандығына айналдырып келеді. Қазір ғаламтор арқылы ешқандай шекарасыз әр отбасы, әрбір адамның санасын жаулап жатқан ақпараттық қауіп бар. Жат діни ағымдар да өздерінің құйтырқы әрекеттерін жалғастыруда. Қоғамда кездесетін діни фанатизмнің ең қауіпті жағы – радикалды әрі агрессиялық пікірде бекем тұрып, өзгелердің көзқарасын жоққа шығарып, қабылдамау.
Адамның санасы мен сенімін, яғни руханият әлемін жаулап жатқан түрлі ақпараттар ағынының толассыздығы сонша адамдарды ойлануға, өзара мәмлелесуге, салт-дәстүріміздің озығын отбасылық қарым-қатынасқа енгізуге мүмкіндік қалдырмай барады. Ежелден қазақ отбасына тән дәстүрге қазіргі жаһандану кезеңінде қауіп күшейгені рас. Себебі ұялы телефондар, ғаламтор, әлеуметтік желілерге әуестік отбасындағы өзара қарым-қатынасқа кері зиянын тигізуде.
Мамандардың пікірінше жат ағымға жаңадан кіре бастаған, ақ пен қарасын ажырата алмай жүрген адамды бетін бері қайтарып алу мүмкіндігі бар. Ал ұзақ жылдар сол ағымның жетегінде жүрген азаматтар біраз уақыт талап етеді және оны барынша бауырмалдықпен, көркем мінезбен тартуға ғана болады.
Ұлттық тәлім-тәрбие – ата дініміз бен салт-дәстүр сабақтастығымен ғылыми негізде жүйеленіп, ұлттық педагогика үлгісінде отбасы институтын күшейту арқылы әлеуметтік институционалды даму жүйесін қалыптастырумен қоғамдағы діни радикализмнің ғана емес, жаһандануға қарсы таптырмас қалқан болары сөзсіз.
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғандықтан, дінге шектеу жоқ. Сол себепті де қазіргі жастарымыздың теріс ағымға түсіп кетпеуі мақсатында елімізде көптеген шаралар жүргізіліп жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ