Депутаттар үкімет мүшелеріне ел аманатын жеткізді

Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы негізгі жиынынан соң шара тақырыптық панельдік сессиялармен жалғасын тапты. Іс-шараға «AMANAT» партиясының 1800-ден астам депутаты, сондай-ақ Премьер-Министрдің төрт орынбасары, министр және вице-министрлер қатысты.

Сессиялар «ашық микрофон» форматында өтіп, депутаттар мен Үкімет өкілдері арасында тікелей диалог орнады. Мәслихат депутаттары орталық мемлекеттік органдардың басшыларына, вице-премьерлерден бастап салалық министрлерге дейін, өз сұрақтарын қойып, төрт бағыт бойынша маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.

Делегаттар Әлеуметтік әл-ауқат және адам капиталы, Тұрақты даму және агроөнеркәсіптік кешен, Инфрақұрылымдық даму және өнеркәсіп, Экономикалық саясат және цифрландыру тақырыптарындағы панельдік сессиялардың жұмыстарына қатысып, Үкімет мүшелерімен жүзбе-жүз отырып, сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Инфрақұрылымдық даму және өнеркәсіп бағытындағы панельдік сессияға Қазақстан Республикасы Премъер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев қатысты. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева аталған тақырыптық панельдік сессияда Түркістан облысы болып құрылғанда Шымкент қаласынан көшіп келген Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының бүгінде ғимаратсыз қалуы салдарынан балалар кітапханасының жойылып кетуі қаупі бар екенін жеткізді. Үкімет мүшелерінен осы мәселеге назар аударуын сұрады. Мәселені тыңдаған ҚР Премъер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жуық арада Түркістан облысына келетінін, аталған мәселені зерделейтінін атап өтті.

Түркістан өңірінен барған өзге де облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, жоғарыда аталған түрлі сала бойынша панельдік сессияларда өңірлердегі өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойып, тиісті сала министрліктеріне ел аманатын жеткізді. Үкімет мүшелері қойылған сауалдарды мұқият тыңдап, тиісінше жауап берді. Айтылған ұсыныстардың келешекте ескерілетінін жеткізді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ