Депутаттар ШҚО-ның туризмін дамытудың жолын ұсынды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына Ұлықбек Тұмашинов бастаған бірқатар Мәжіліс депутаты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған туризмді дамытуға басымдық беру тапсырмасы негізге алынған. Депутаттардың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының табиғи әлеуеті жоғары және халықаралық деңгейде туризмді өркендетуге толық мүмкіндік бар.
Депутаттар өңірдің туристік бағыты Өскеменнен басталып, Ұлан және Самар аудандарын қамтып, Бұқтырма су қоймасындағы жаңа көпір арқылы Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарына өтетінін, одан әрі Марқакөл көліне, “ескі австралиялық жол” арқылы Қатон-Қарағай аймағына жететінін атап өтті.
2025 жылы бұл бағытпен саяхаттаған туристер саны өткен жылмен салыстырғанда бес есе артқан.
Сонымен бірге депутаттар туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерді тізіп көрсетті. Олар – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экологиялық қауіптер және ұлттық парк пен қорықтарды сақтау қажеттілігі.
Қазір Зайсан және Қатон-Қарағай аудандарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Бұл туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2025-2028 жылдар республикалық бюджетінде жаңа әуе бағыттарын субсидиялау, сондай-ақ Зайсан – Үрімжі бағытын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұған қоса, Марқакөл және Зайсан аудандарында шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарын (оның ішінде казинолар) салу арқылы қосымша инвестиция тарту ұсынылған.
Алматы тау кластерімен қатар, Шығыс Қазақстанда тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Депутаттардың пікірінше, Глубокое ауданы мен Риддер қаласының геоклиматтық жағдайы тау шаңғысы курорттарын салуға қолайлы. Жобаларды іске асыру үшін инженерлік және жол инфрақұрылымын “Бәйтерек” холдингі қаржыландыруы қажет.
Риддер тау кластері стратегиялық маңызы бар жоба ретінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға және халықаралық деңгейдегі туристік өнім қалыптастыруға жол ашатыны атап өтілген.
Депутаттардың ұсыныстары:
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша туристік бағыттарды дамытуға арналған жол картасын қабылдау;
- 2026-2028 жылдар республикалық бюджетіне әуе бағыттарын субсидиялау мәселесін енгізу;
- Зайсан – Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу;
- Марқакөл мен Зайсанда шетелдік туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарына инвестиция тартуды қолдау;
- Глубокое ауданы мен Риддерде тау шаңғысы курорттарын салуды «Бәйтерек» ҰБХ қаржыландыруымен қамтамасыз ету.