Депутат: Цифрлық теңсіздік – тек біздің емес, жаһандық мәселе

Астанада өткен Astana Open Dialogue тәуелсіз аналитикалық платформасының III отырысында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздік проблемасына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бұл тек Қазақстанға тән құбылыс емес, әлемнің көптеген елінде кездесетін халықаралық мәселе.
Ол цифрлық теңсіздік үш негізгі құрамдас бөліктен тұратынын атап өтті:
• Интернет қолжетімділігі – кейбір елдімекендерде интернеттің болмауы немесе сапасының төмендігі (жылдамдық пен тұрақтылықтың жеткіліксіздігі);
• Материалдық-техникалық база – заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету мен құрылғылардың жетіспеушілігі, оларды сатып алу мүмкіндігінің шектеулігі;
• Компетенциялық алшақтық – тұрғындардың бір бөлігінің цифрлық сервистерді тиімді пайдалану дағдыларының жеткіліксіздігі.
Смышляева алғашқы екі факторды жүйелі қаржыландыру және инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы еңсеруге болатынын айтты. Алайда ең күрделі мәселе – компетенциялық теңсіздік.
Бұл олқылықты тек қаржымен шешу мүмкін емес, арнайы оқыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары қажет, – деді ол.
Сонымен қатар депутат мектептердегі емтихандарды компьютерлендірілген форматқа көшіру туралы ұсыныстарға пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай қадам алдын ала дайындықты және өңірлердегі мүмкіндіктерді теңестіруді қажет етеді.
Жастарымыз өте ілгері, заманауи технологияларға бейім. Енді бастысы – барлық азаматқа тең мүмкіндік беру. Цифрлық теңсіздікті жою үшін инфрақұрылымға да, білім беру бастамаларына да жүйелі түрде көңіл бөлуіміз қажет, – деп қорытындылады Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.