Депутат отандық фармацевтика өндірісін қолдауға шақырды

Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев отандық фармацевтика саласындағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылып, Үкіметке еліміздегі отандық фармацевтикалық өндірістің үлесін 50%-ға дейін арттыруды тапсырғаны белгілі.
Алайда, депутаттың пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ұстанымы мен іс-әрекеттері арасында сәйкессіздік байқалады.
Қазақстанда 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді, оның 34-і дәрілік заттарды шығаруға және 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне маманданған. Парламент Мәжілісіне отандық фармацевтикалық тауар өндірушілер тобы жүгінді. Олар Денсаулық сақтау министрлігі мен Комитет тарапынан фармацевтика өнеркәсібі саласындағы бюрократиялық қиындықтарға тап болып отыр, – дейді депутат Балабиев.
Компаниялар дәрілік заттарды шығарып, оларды емдеу мекемелеріне жеткізумен айналысады. Олар үшін туындап отырған проблемалардың негізгі себебі – өндірілген дәрілік заттардың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы Министрліктің №77, 88 және 96 бұйрықтар тізбесіне енгізілу процесінің негізсіз, ұзақ уақытқа созылуы.
Министрліктің жоғарыда аталған бұйрықтарды бекіту тәртібін сақтамауы “СК Фармация” ЖШС-нің бірыңғай дистрибьюторына медициналық бұйымдарды уақтылы шығаруға және жеткізуге кедергі келтіреді. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімі 1 жылдан бастап 9 жылды құрайды. Бұл қиындықтар олардың қалыпты қызметін дамытуға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға және жаңғыртуға кедергі келтіреді.
Компаниялар шығарылатын өнім тізбесінің тиісті бұйрықтарға енгізілуінің негізсіз кешіктірілуіне байланысты Министрлік пен Комитетке бірнеше рет жүгінген. Министрліктің деректері бойынша, шығарылатын өнімге қатысты барлық мәселелер отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін Комитетке уақтылы тапсырылады. Алайда, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Комитет негізсіз себептермен министрліктің бұйрықтарына Компаниялар шығаратын өнімдердің тізбесін енгізу процесін ұзаққа созуда. Бұл жағдай жаңа препараттардың қазақстандықтарға кідіріп, өте кеш жетуіне әкеліп отыр, – деп санайды Қайрат Балабиаев.
Егер министрлік пен комитеттің отандық өндірушіге деген қатынасы осындай болғанда, өндірілетін өнімді ведомстволық бұйрықтарға енгізу процесі 3 жылдан 5 жылға дейін кешіктірілсе, онда фармацевтикалық индустрияны мемлекеттік қолдау туралы сөз қозғауға да қажеті жоқ. Осыған байланысты, елдегі меншікті фармацевтикалық өндірістің үлесі 10%-дан аспай, бұрынғы деңгейде қалып отыр.
Сонымен қатар жасанды түрде жасалған бюрократиялық қиындықтар фармацевтика өнеркәсібінің қалыпты жағдайда дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарының қысқару қаупін тудырады және жиынтығында банкроттыққа және өндірістердің жабылуына әкелетіні сөзсіз. Фармацевтика индустриясы ұлттық экономика құрылымындағы негізгі саланың бірі болып табылады және тиімді мемлекеттік қолдау жасалған кезде импортқа тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, депутат Көшербаевтан отандық өндірушілер шығаратын медициналық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ведомствалық № 77, 88 және 96 бұйрықтардың тізбесіне енгізу мен бекіту процестерін созбалаңдыққа салмай, жеңілдету мақсатында, аталған бұйрықтарды қайта қарауды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсыруды сұрады.