Депутат қазақстандықтарды Таяу Шығыстан эвакуациялауға қатысты мәселе көтерді

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс жағдайында қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстарының қазіргі ахуалы туралы айтты. Оның айтуынша, бұл процесс Президенттің Қауіпсіздік Кеңес отырысында берген нақты тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат атап өткендей, Үкімет пен жеке бизнестің үйлестірілген және жедел өзара іс-қимылы нәтижесінде барлық азаматтардың жақын арада елге аман-есен оралуына сенім бар. «Туристік Қамқор» қорының мәліметіне сәйкес, белсенді ұрыс қимылдары басталған сәтте Біріккен Араб Әмірліктерінде 3 мыңға жуық, Қатарда 1 мыңнан астам, ал Мекке мен Мединеде 200-ге жуық қазақстандық болған. Бұл тек туристер ғана, аймақтарда тұрақты тұратын азаматтар мен студенттер де бар, олардың көбісі елге оралуды қалайды. Қазіргі күнге дейін 946 азамат елге қайтқан.
Депутат зымыран соққыларының нәтижесінде азаматтық әуе қатынасы тоқтатылып немесе шектелгенін атап өтті.
Жағдай ушыққаннан кейін шектеулі әуежайлар ірі бизнес өкілдері мен топ-менеджерлер үшін негізгі бағытқа айналып, коммерциялық рейстердің бағасы жүздеген мың долларға дейін өскен. Осы кезде екі қазақстандық банк жанжал аймағында қалған өз клиенттеріне қаржылық қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Көлік министрлігіндегі жедел штаб отырысында отандық авиакомпаниялар әуе кеңістігі ашылған сәтте ұшақ ұсынуға дайын екендіктерін жеткізген, – деді ол.
Серік Ерубаев бұл шараларды мемлекетіміздің әлеуметтік сипаты мен бизнестің жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсететін іс-қимыл деп атады. Алайда, эвакуация шаралары ерікті түрде жеке компаниялар арқылы жүзеге асырылып жатқандықтан, шығындарды өтеу мәселесі туындайтынын да ескертті.
Депутат жаңа Конституция жобасында мемлекет шетелдегі өз азаматтарын қорғауға кепілдік беретіні көрсетілгенін еске салды. Қазіргі кезде туроператорлардың ұйымдастыру функцияларын 2016 жылы құрылған «Туристік Қамқор» қоры атқаруда. Бұл қор туристердің елге қайтарылуын қамтамасыз ету үшін арнайы құрылса да, халықаралық құқық жүйесіндегі белгісіздік жағдайында мұндай төтенше ахуалдардың қайталану қаупі бар.
Серік Ерубаев Президенттің 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық технологияларды пайдалана отырып сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту қажеттігін атап кеткенін жеткізді. Ол төтенше жағдайларда азаматтарды эвакуациялауға дайындықты қамтамасыз ететін мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының қосымша хаттамаларын енгізуді ұсынды.
Депутат келесі сұрақтарға назар аударуды ұсынды:
1. Авиакомпания шығындарын мемлекет өтей ме, әлде тек өз қаражаты есебінен жүзеге аса ма?
2. «Туристік Қамқор» қоры қарулы қақтығыстар мен әуе қатынасы жабылған жағдайда мемлекетпен және бизнестің қаржылық-құқықтық тетіктерін қалай іске асырады?
3. Ұйымдастырылған туристерден бөлек, шетелде жүрген басқа отандастарға тиісті тетіктер қолданыла ма?
4. Егер механизмдер жеткіліксіз болса, нарықтық сақтандыру құралдарын енгізу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматын кеңейту арқылы өзара іс-қимыл моделін жетілдіру мүмкін бе?
Бұл мәселе тек сақтандыру немесе эвакуация емес. Шын мәнінде, мемлекет пен бизнестің жүйелі өзара іс-қимылы арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа моделін қалыптастыру маңызды, – деп түйіндеді Серік Ерубаев.




