Депутат дабыл қақты: Балаларға тегін беріліп жатқан тамақ қоқысқа тасталып жатыр

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мектеп асханаларында берілетін тағамдардың сапасы мен мәзіріне қатысты мәселелер көтеріп, қазіргі стандарттарды қайта қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, балаларға ұсынылатын тамақтың едәуір бөлігі желінбей, қоқысқа тасталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ата-ана ретінде әрқайсымыз баламызды үйде қалай тамақтандыратынымызды жақсы білеміз.

Балалар жемейтін тағамды күн сайын берудің өзі дұрыс емес. Қазір қоқысқа тасталып жатқан тамақтың шамамен 90 пайызы дұрыс ұсынылмауы мен мәзірдің балаларға бейімделмеуінен болып отыр, – деді ол.

Айдарбек Қожаназаров бұл мәселені кәсіпкерлерден жиналған деректерге сүйене отырып қарау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, рейтинг және антирейтинг жүйесін енгізу арқылы мектеп асханаларына арналған мәзірді жетілдіруге болады. Сонымен қатар тағамды ұсыну тәсіліне де нақты талаптар қойылуы тиіс.

Егер біз балалардың өздері жемейтін тағамды күнде беретін болсақ, бұл дұрыс көзқарас емес. Бұл – өз баламызға да, өзгенің баласына да бірдей қатысты мәселе. Мемлекеттің қаржысына жасалып жатыр екен деп немқұрайлы қарауға болмайды, – деді депутат.

Ол тағам стандарттарын әзірлеген Тамақтану институтының талаптарына қатысты да сұрақтар бар екенін айтты. Қожаназаровтың пікірінше, қазіргі стандарттарды қайта қарап, сапасыз әрі кейін қоқысқа тасталатын өнімдердің алдын алу қажет. Депутат бұл жағдайды қайшылық деп бағалады.

Бір жағынан, қаржы жетіспейді, тарифтер төмен деп айтамыз. Екінші жағынан, бөлінген қаражаттың жартысына жуығы желінбей, қоқысқа кетіп жатыр. Бұл – абсурд, – деді ол.

Осыған байланысты Айдарбек Қожаназаров барлық жауапты органдардың бірлесіп жұмыс істеуін ұсынды. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Тамақтану академиясы, депутаттар және кәсіпкерлер күш біріктіріп, балаларға шын мәнінде пайдалы әрі сапалы мәзір әзірлеуі керек екенін жеткізді.

Біз кәсіпкерлерді де, депутаттарды да осы жұмысқа тартуға дайынбыз. Ең бастысы – өз балаларымызға лайық, дұрыс әрі сапалы тамақтану жүйесін қалыптастыру, – деп түйіндеді ол.