Депозиттерге кепілдік беру қоры активтерінің бір бөлігін жеке компанияларға бермек
Қаражаттарды беру ҚҰБ-тың бағалы қағаздар нарығын дамыту және еншілес ұйымдардың активтерін басқарудан біртіндеп арылу стратегиясы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Келісімдерге қол қою барысында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) Төрағасы Әділ Өтембаев жеке басқаруға берілетін активтердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қолданылып жатқан шаралар туралы атап өтті.
Біз жұмыстарға баға беріп, оларды сараптамадан өткізіп, жеке басқарушы компаниялар үшін инвестициялық саясатты әзірлеп шықтық. Соған сәйкес Қордың активтері тек ең сенімді қаржы құралдарына инвестицияланатын болады. Мысалы еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік сектордың субъектілері мен халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары. Олардың өтеу мерзімі 3 жылға дейін. Сондай-ақ РЕПО операцияларын айтуға болады. Енді осы бағдарлама активтердің табыстылығын арттыра түседі деген үміттеміз. Қор үшін басты міндет – арнайы резервтің қаражаттарын сақтау және олардың жоғары өтімділігіне қолдау көрсету, – деді Әділ Өтембаев.
ҚҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов ҚҰБ бастамасы бойынша мемлекеттік бағалы қағаздардың индексі әзірленіп, іске қосылғандығын мәлімдеді.
Біз ҚДКБҚ және Қазақстан қор биржасымен бірге үлкен жұмыс атқардық. Елімізде тұңғыш рет Қазақстан қор биржасының алаңында енгізілген жергілікті бенчмарк базасында ҚДКБҚ сынды ірі институционалды инвестордың активтеріне халықаралық тәжірибеде кеңінен пайдаланылатын индекстік тәсіл қолданылатын болады. Активтерді жеке басқаруға беру отандық бағалы қағаздар нарығына тың серпін береді деп сенеміз. Сонымен қатар бұл жеке басқарушыларға берілетін активтердің көлемін арттыру есебінен жеке басқарушы компаниялар нарығының дамуына, сондай-ақ сол басқарушылар арасында бәсекелестікті күшейту есебінен активтерді басқару тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, – деді Нұржан Тұрсынханов.
Еске салайық, ҚДКБҚ арнайы резерві активтерінің мөлшері 1,3 трлн теңгені құрайды. Алғашқы кезеңде 200 млрд теңге берілетін болады. Әрі қарай активтерді беру жеке басқарушы компаниялардың тиімділік көрсеткіштеріне қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.