Дәулет Кәрібек: «Жастар – ел дамуының драйвері»

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің қатысушыларымен кездесті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген делегаттар жастар қауымын толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттің алдағы дамуына қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Лагерь алаңында сөйлеген сөзінде партияның Атқарушы хатшысы елдің дамуы мен өркендеуі тікелей жастарға байланысты екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қоғамдағы оң өзгерістердің басты қозғаушы күші деп атады. Президенттің бастамасымен жастар саясаты «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына ауысты. Сондықтан қазіргі уақытта мемлекет жастардың жетілуі мен дамуына қажет тең әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер беріп отыр. Себебі жастар – ел дамуының драйвері. Бұл бағытта партиямыздың жастар қанаты да айтарлықтай үлес қосып келеді. Бүгінде «Жастар Рухы» – ортақ мақсаттары мен ұмтылыстары бар 100 мыңнан астам жас патриотты, белсенді ұл-қыздарды біріктіретін ең ірі жастар ұйымы», — деді ол.

Сонымен қатар, Дәулет Кәрібек жастардың әлеуетін ашуға бағытталған «Жастар Рухының» бірқатар ірі жобаларына тоқталды. Олардың қатарында өскелең ұрпақты жұмыспен қамтуға арналған «Жастарға жұмыс», патриотизмді нығайтуды және әскери қызметке баруға ынталандыруды көздейтін «Qaisar», мемлекеттік тілді үйрететін «Менің елім – менің тілім» және өзге де жобалар бар.

ПІКІР ЖАЗУ