Дәстүрлі құндылықтарға адал болу ісі тоқтамайды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен кезекті кездесу жиыны Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлының қатысуымен өтті. Басқарма басшысы облыс тұрғындарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік ашып берген облыстық партия филиалына алғысын білдіре отырып, азаматтардың діни қызмет мәселелері жөніндегі сауалдары бойынша кері байланыс орнатуға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Басқарма басшысының қабылдауына келген жастар белсенділері қазір қоғамда кәмелет жасына толмаған науқас балаларды желеулетіп қайырымдылық көмек сұрайтындар көбейгеніне алаңдаушылықтарын білдірді. Әлеуметтік желі дамыған заманда онлайн платформалар арқылы да қаржылық көмек жинауға шақыратын үндеулер қаптап жатқанын айта отырып, мұндай көріністерге тосқауыл қоюдың мүмікіндіктерін сұрады. Астана қаласында дін мәселелері бойынша жас белсенділердің форумы өтіп жатқанын, сол форумға Түркістан облысынан кімдер жіберілгенін сұрады, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың теология факультетінде білім алатын жастар неге жіберілмегені жөнінде сауал қойылды.

Бірінші мәселе бойынша жауап берген Рүстем Сабыржанұлы, интернет кеңістіктің дамуымен жұртты сан соқтыратын алаяқтық түрлерінің де көбейіп жатқанын айтып өтті. Құқық қорғау органдары, барлық санаттағы мемлекеттік органдар заманның жаңа дертімен пәрменді күресіп отырғанын да жеткізді. Дегенмен, азаматтар да қаржымен байланысты өтініштерге тап болса аса сақтықпен қарап, асығыс шешім қабылдауға жол бермей, алдымен байыппен тексеріп алу жөнінде кеңесін берді. Сондай-ақ қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде ата-ананың баласы алдындағы жауапкершілігі көзделгенін жеткізе отырып, балаларды қайыршылық қызметке тарту – құқықбұзушылық болып табылатынын түсіндіріп өтті.

Дін саласы бойынша жас белсенділердің форумына басқарманың жас маманы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйымының жауапты қызметкері жіберілгенін айтты. Теология факультетінде білім алушы контингентпен ықпалдастық байланыста жұмыс жүргізуде алдағы уақытта студент жастармен кездесу өткізілетінін мәлімдеді.

Онлайн байланыс арқылы сауалдарын жолдаған Мақтарал ауданының тұрғыны ауданда теолог мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерсе, Бәйдібек ауданынан хабарласқан азамат халқымыздың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарамайтын деструктивті діни ағымдарға тосқауыл қоятын уақыт жеткенін жеткізді. Бұл мәселелерге де толыққанды жауап берген Рүстем Сабырханұлы халық саны көп аудандарда 3 теолог маман бекітілгенін, қажеттілік туындап жатса қосымша мамандар бекітілетінін айтты. Дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуына жол бермес үшін ең алдымен дәстүрлі құндылықтарымызды ілгерілетуіміз керек екенін түсіндірді. Бұл қоғамға ортақ жалпы міндет екенін айта отырып, басқарма тарапынан дәстүрлі діни құндылықтарымызды сақтауға әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ