Дәрігерлер бүйректегі тасты отасыз түсірді
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласында ілгерлеушілік байқалады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері бүйрегін тас байлаған 39 жастағы әйелді аман алып қалды. Науқас ауруханаға өте ауыр халде түскен. Дәрігерлер «Compact Sigma» литотриптер аппаратының көмегімен науқастың бүйрегі мен несепағар жолдарындағы тастарды отасыз түсірді. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы жақсы және алдағы уақытта дәрігер нұсқаулығымен ем қабылдайтын болады. Литотрипсия емдік шарасында медициналық құрылғының көмегімен қашықтық соққылық-толқын әдісі қолданылады. Уатылған тастар ағзадан несеппен шығарылады.
«Литотрипсия – бұл бүйректегі және несепағар жолдарындағы тасты уатып, отасыз емдейтін әдіс. Процедурада ешқандай ауырсыну болмайды және пациенттер ауруханада ұзақ жатпайды. Барлық науқастарға емдік шара МӘМС жүйесі есебінен тегін жүргізіледі, -дейді №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-урологы Сауранбек Әлдеков.
Бір процедураның құны 60 мың теңге тұратын медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылады. «Compact Sigma» литотриптер аппаратының жөндеуден өтіп, қайта іске қосылғанына 1 ай болған. Дәрігерлер осы уақыт аралығында 60-қа жуық науқасқа ем көрсетіп үлгерген.
Сонымен қатар Шымкенттегі № 2 қалалық ауруханада 73 жастағы науқасқа бір мезетте бірнеше күрделі ота жасалды. Күрделі операция жоғары білікті нейрохирург Еркін Медетовтың жетекшілігімен жасалды.
Дәрігерлер алдымен науқастың бас миындағы үлкен ісікті микрохирургиялық аппаратпен алып тастады. Сондай-ақ науқасқа омыртқаралық дикс жарығын алып тастау және омыртқаны бекіту оталары да жасалды. Мұндай операциялар жоғары технологиялық маманданрылыған хирургиялық емдерге жатады. Науқасқа бір мезетте жасалған күрделі оталардың барлығы сәтті өтті. Науқас дәрігерлердің бақылауында.
№ 2 қалалық ауруханада нейрохирургия бөлімшесі ашылғаннан бері 100-ден астам пациентке ота жасалған. Мұнда кез-келген көлемдегі ісіктерді жою үшін ең күрделі жоғары технологиялық операциялар өткізіледі. Сонымен қатар ми тамырларының аневризмалары мен омыртқа патологиялары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында жүзеге асырылады.