Дархан Сатыбалды Кентауда штаб отырысын өткізді
Кентау қаласында табиғаттың тосын мінез танытуынан орын алған жағдайларды қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Осыған орай барлық мүдделі органдардың қатысуымен штаб құрылған. Олардың жұмысын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі тікелей қадағалап отыр. Кентау қаласындағы жылу беру орталығында кезекті штаб отырысын өткізген аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді.
Штаб отырысында облыс басшысына орын алған жағдайлар бойынша атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен жауапты басқарма басшылары баяндады.
Бүгінде жағдай тұрақталды. ЖЭО-5 орталығында қазандықтар кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Стратегиялық нысанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Орталық жылу жүйесі арқылы 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үйлер. Сондай-ақ 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
Дауылды желден зардап шеккен 20-тан астам тұрғын үйдің жылу жүйелерін де қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына 200-ден аса қызметкер мен 15 техника жұмылдырылды.
Ауыз су мәселесі толық шешілді. Дауылды желдің салдарынан қаладағы 6 көпқабатты тұрғын үй мен 37-ге жуық жеке сектордағы тұрғын үйлердің жарығын қосу бойынша жарықпен қамту мекемелері тарапынан жұмыстар жүргізілуде.