Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарында болды

Түркістан облысында биыл мемлекет есебінен 50-ге жуық мектептің құрылысы жүруде. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданындағы іссапарында мектеп құрылыстарының жұмысымен танысты. Облыс басшысы Сарапхана ауыл округі, Майлыошақ елді мекенінен салынып жатқан 300 орындық А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің құрылыс алаңында болды.

Білім нысанының салыну мақсаты – ыңғайластырылған мектепке типтік мектеп ғимаратын салу. Мектеп құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер – «ӨМІРЗАҚ» ЖШС. Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына өткен жылы қайта түзету жұмыс жобасы әзірленген. Биыл желтоқсан айында пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Өңір басшысы құрылыстың кешігіп атқарылып жатқанын сынға алып, жауапты басшылар мен мердігерге жұмысты күшейтуді тапсырды. «Сақалды құрылысқа» айналған нысанға жауаптыларға айыппұл салынған. Облыс әкімі жұмыс барысын толық тексеріп, құрылыс кестеге сай бітпесе, құзырлы органдарға жолдауды тапсырды.

– Әр білім ұясын уақтылы салу өте маңызды. Біресе, қаржыны сылтауратып, біресе, басқа мәселені сылтауратып, құрылысты созбалаңға салуға болмайды. Құрылыс мәселесі бойынша арнайы жиналыс өткізіп, талқылағанбыз. Барлық мердігер, жауапты басшылар өз міндеттерін дұрыс атқарсын. Балалардың сапалы білім алуы үшін жанашырлықпен жұмыс істеу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс басшысы осы күні Қызылқия  ауыл округі, Атажұрт елді мекеніндегі 100 орынға арналған «Айнатас» негізгі орта мектебінің құрылысымен де танысты. Ғимарат екі қабатты, жер көлемі – 2,0 га. Құрылыстың ауданы – 1382,61 шаршы метр. Бұл жобаға 2023 жылы қайта өңдеу жұмысы жасалған. Сметалық құны – 1 028,612 млн теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігермен келісімшарт түзілді. Нысан 2024 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Бұл нысан бойынша да тиісті тапсырмалар берілді. Құрылыс барысы қатаң бақылауға алынды.

ПІКІР ЖАЗУ