Дархан Сатыбалды «Алатау Жарық Компаниясына» барып, Алматының энергетика жүйесін дамыту мәселесін талқылады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында «Алатау Жарық Компаниясына» барды. Аталған компания – Алматы мен Алматы облысындағы 4 миллионға жуық тұтынушыны электр энергиясымен қамтитын ең ірі энергия таратушы ұйым.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы кәсіпорынның қызметін, жүзеге асырылып жатқан жобаларды және стратегиялық жоспарларды «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Абай Асылов таныстырды.
Сапар барысында қала әкімі кәсіпорынның өндірістік бөлімшелерін аралап, электр жабдықтарын жөндеу цехын, диагностикалық қызметті және апаттық жағдайды жедел жоюға арналған заманауи арнайы техниканы көрді.
Сондай-ақ соңғы жылдардағы инвестициялық бағдарламаның қорытындылары талқыланды. Оның аясында 344 шақырымнан астам кабельдік желі салынды, 129 трансформаторлық қосалқы бекет жаңғыртылды, 20 шақырымға жуық әуе желісі жаңартылды және жаңа электр нысандары пайдалануға берілді. 2025 жылы 115 шақырымнан астам кабельдік желі салу, 21 қосалқы бекетті жаңғырту және 15 трансформаторлық қосалқы бекетті заманауи кешенді-блоктық үлгіге ауыстыру жоспарланып отыр.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, сенімді әрі үздіксіз электрмен жабдықтау – алматылықтардың жайлы өмір сүруі мен қаланың тұрақты экономикалық өсімінің басты шарты.
Сапар қорытындысы бойынша әкім бірқатар тапсырма берді: ескірген кабельдік желілер мен қосалқы бекеттерді жаңғырту қарқынын жеделдету, халық тығыз орналасқан аудандарға баса назар аудара отырып, күзгі-қысқы кезеңге дайындықты күшейту. Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды АЖК басшылығына желілерді бақылау мен басқарудың тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізуді, апаттық жағдайларда халықты жедел ақпараттандыру мақсатында әкімдікпен өзара байланысты күшейтуді тапсырды.
Қала басшысы жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру және қайта құру кестесін қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, кез келген кідіріс тұрғындардың жайлылығына тікелей әсер ететінін айтты.