Бүгіннен бастап кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалады
Бүгіннен бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, Отбасының цифрлық картасы деректері бойынша тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша кедейлік шегі медиандық кірістің 35 пайыз деңгейінде, бірақ қазіргі деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайыз деңгейінде айқындалған. Кедейлік шегін анықтауда медиандық кірісті енгізу атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің азаюына әкелмейтінін атап өту маңызды. Сонымен қатар, АӘК алушылар саны 755 отбасына немесе 3,8 мыңнан астам адамға өсуі мүмкін деп болжануда.
Биыл материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытындылар шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру жүзеге асырылады. Бұл комиссиялар үшін FSM Social мобильді қосымшасы жасалды. Оның артықшылығы: геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны); жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату; зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілді алып тастау. Мобильді қосымша пилоттық режимде Алматы облысының Қонаев қаласында сыналды. 2025 жылғы қаңтардан бастап FSM Social қосымшасын бүкіл ел бойынша енгізу жоспарланған. Бұған дейін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірнеше маңызды өзгеріс күшіне енгенін жазған едік.