Болашақта Қазақстанда қолма-қол ақша жойыла ма?

 Қазақстан билігінің қолма-қол ақшаны айналымнан шығару жоспары жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, елде үш түрлі ақша қатар қолданылады: қолма-қол, қолма-қол емес және цифрлық теңге. Дегенмен, реттеушілер қолма-қол ақшаны қолданыстан алуға ниетті емес.

Ондай жоспар жоқ және ешқашан болмайды. Әрқашан қағаз түріндегі теңге болады, – деді Әбілқасымова.

2024 жылы Ұлттық банк халық арасында сауалнама жүргізіп, қазақстандықтардың 48,9%-ы қолма-қол ақшаны пайдалануды жөн көретінін анықтаған. Зерттеу нәтижелері 2025 жылдың наурызында “Экономикалық шолуда” жарияланды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы бір қазақстандыққа шаққандағы қолма-қол ақша көлемі 184 мың теңгеден 218 мың теңгеге дейін өскен. Халық банкоматтардан 25,4 трлн теңге қолма-қол ақша алған (+11%). Оның 82%-дық өсімін Алматы, Шымкент және Жетісу облысы қамтамасыз еткен.