БҚО әкімі: Ең арзан ет – біздің өңірде

 Батыс Қазақстан облысында сиыр етінің орташа бағасы қанша екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, ірі қара мал етінің орташа бағасы – келісіне 3060 теңге.

Бүгінгі таңда біздің өңірде сиыр етінің орташа бағасы – килограмына 3060 теңге. Республика бойынша орташа баға – 3246 теңге, егер қателеспесем, бүгінде дәл осы көрсеткіш. Яғни еліміздегі ең төмен бағалардың бірі – біздің өңірде. Бізден кейін, егер жаңылмасам, Ақтөбе облысы және басқа өңірлер келеді. Сондықтан шынымды айтсам, “ең жоғары баға” туралы ақпараттың қайдан шығатынын білмеймін, – деп жауап берді өңір басшысы.

Сондай-ақ ол өңір өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отырғанын және етті Шымкент пен Түркістан облысын қоса алғанда, басқа өңірлерге де жөнелтетінін атап өтті.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға қатысты сұраққа жауап берген өңір басшысы тізімде 19 атау бар екенін еске салды. Оның бастамасымен облыстың негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізілген. Нәтижесінде ең үлкен тәуелділік көкөніс өнімдеріне және сүтке қатысты екені анықталған.

Бұл мәселелерді шешу үшін өңірде 39 заманауи көкөніс қоймасы салынды және салынып жатыр, кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетілуде.

Сүт өнімдеріне келсек, бұған дейін облыс көп жағдайда басқа өңірлер мен елдерден жеткізуге тәуелді болған. Қазір жаңа сүт фермалары іске қосылып жатыр. Әкім соның нәтижесінде өңірдің сүт өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 22%-дан 40%-ға дейін өскен, әрі бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын алға тартты.