Биыл медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлінеді

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерлерге тапшылық туындауда. Оның 100-ге жуығы құрылысы аяқталуға жоспарланған 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, ангиохирург, онколог, патологоанатом, радиолог, травматолог, реабилитолог, эндокринолог, дермотолог, ЧЛХ, гематолог, гастроэнтеролог және тағы басқа да мамандар бар.

Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы 43 дәрігер шет елдерде біліктілігін арттырды. Атап айтсақ, Мәскеуде 30, Санкт-Петербургте 6, Стамбулда 7 неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы қосымша білім алып, тәжірибе жинады.

Өңірдегі тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60  грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139  грант бөлу жоспарлануда.

Айта кетейік, облыс аумағында жалпы 24 681 медицина маманы қызмет атқарады. Оның 5 534 дәрігер, 19 147 орта буынды медицина қызметкері. 

ПІКІР ЖАЗУ