Биыл Қазақстанда 208 мыңнан астам көлік шығарылады

Биыл қазақстандық автозауыттардағы көлік өндірісі 22%-ға дейін артуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, биыл өндіріс қуаты артады деп жоспарланып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша компаниялар 2024 жылмен салыстырғанда сатылымның 14,4%-ға артқанын тіркеді. Бұл – ресми өндіруші өкілдері әкелген немесе еліміздегі ресми дилерлер арқылы сатылған импорттық және отандық жаңа автокөліктердің сатылымы. Мәселен, ресми дилерлер арқылы сатылған жаңа автокөліктердің ішінде отандық өндірістің үлесі 2020 жылы 69%-ды құраған. Біздің болжамымыз бойынша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта да өсе береді. Ал жаңа автокөліктер сатылымының өсімі 2020 жылы шамамен 5% деңгейінде болады деп бағаланып отыр, – деп атап өтті одақ басшысы.
Пайымдауынша, бұған түрлі факторлар әсер етеді. Соның ішінде ресми өндіруші өкілдерінің сатып алушыларға автокөлігін жаңартуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламаларды ұсынуы да маңызды рөл атқарады.
Ең бастысы – сатып алушы өзіне ұнайтын, өзі қалаған автокөлікті алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сонымен қатар автокөліктің барлық опциялары экология және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуге тиіс, – деді Анар Мақашева.
Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанда 70-тен астам бренд пен түрлі модель ұсынылған. Оның ішінде импорттық та, отандық өндірістегі де көліктер бар.
Сатып алушылар әртүрлі сегменттегі көптеген модельдің ішінен өзіне қажеттісін таңдай алады.
Мысалы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық сегменттерді қамтитын өндіріс көлемі, яғни жеңіл автокөліктер, жүк көліктері және автобустар өндірісі 171 мыңнан астам бірлікті құрады. Бұл – оң үрдіс. Ал 2026 жылға арналған өндіріс болжамы 208 мың бірліктен асады деп күтілуде. Бұған да бірнеше фактор әсер етеді. 2025 жылы Алматы және Қостанай қалаларында бірнеше жаңа зауыт ашылды. Осы кәсіпорындар 2026 жылы толық өндірістік қуатына шығады. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі артады. Сонымен қатар көптеген өндіруші өз кәсіпорындарында модельдік қатарын кеңейтті. Бұл да отандық өндірісті дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Біздің одақтың басты міндеті – нарықтағы барлық қатысушыларға автоиндустрияны дамытуға көмектесу. Сонымен қатар біз тұтынушыларды қолдайтын маңызды құрылымдардың бірі болып саналамыз, – деді Анар Мақашева.




