Биыл Қарағанды облысында 37 жаңа автобус маршруттарға шығады
Соңғы төрт жылда Қарағанды облысының тасымалдаушылары 400-ге жуық қоғамдық көлік сатып алды. Биыл Балқаш үшін 29 және Абай ауданы үшін 8 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Күн сайын желіге 830-дан астам автобус шығады. Бұл қарқынмен жүру үшін жыл сайын 40-қа жуық жаңа көлік сатып алу қажет.
– Өткен жылы 195 автобус жаңартылды. Соңғы 10 жылда алғаш рет 44 автобус серіктес қалалармен байланыстыратын қалааралық маршруттарда ескірген жылжымалы құрамды ауыстыруға жіберілді. Осының есебінен Қарағанды маңына қызмет көрсететін автобустардың шамамен 50%-ы жаңартылды. Барлық дерлік жаңа автобустар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген. Арнайы тұтқалар, пандустар бар. Қарағанды бойынша автобустардың орташа жасы – 7 жыл. Бұл біздің республикамыздың басқа қалаларымен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш, – дейді Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Ауданаралық және ауданішілік тасымалдар дамуда. 2023 жылғы сәуірде Қарағанды – Теміртау № 107 қала маңындағы маршрутта автобустардың саны екі есеге артты.
Бүгінде 47 ауданаралық маршрут жұмыс істейді. Нұра және Ботақара кенттерінде, Қарқаралыда автобустар іске қосылды.
Қоғамдық көлікті цифрландыру да жалғасуда. ONAY! жүйесі 2023 жылы Балқаш пен Саранда енгізілді. Биыл Теміртау мен Шахтинск қалаларында электронды билеттеу жүйесін іске қосу жоспарлануда.
Мақсұт Қожановтың айтуынша, күн сайын 320 мыңнан астам сапар жасалады, оның ішінде облыс орталығы мен серіктес қалалар арасында күн сайын 35 мың адам жүреді. Жолаушылардың 95%-ы қолма-қол ақшасыз төлейді.
Облыста соңғы рет 2014 жылы көтерілген тарифті қайта қарау қажеттілігі туындады. Осы уақыт ішінде дизель отынының, автошиналардың, майлау материалдарының және т. б. құны едәуір өсті. Электрондық төлем кезінде тарифті 80-ден 100 теңгеге дейін және қолма-қол төлеу кезінде 200 теңгеге дейін арттыру мәселесі талқылануда.
Тариф көтерілген жағдайда билік тасымалдаушылардан Қарағанды мен қала маңындағы шалғай аудандарға қызмет көрсететін автобустардың жұмыс уақытын ұзартуды талап етеді.
Қызмет бағыты