Биыл Алакөлге 2 млн турист келеді

 Алакөл жағалауында 300-ден астам туризм нысаны орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Алакөл көлінің жағалауында бір жолғы сыйымдылығы 16,2 мың төсек-орын болатын 302 туризм нысаны орналасқан. Осы жылы жеке инвестициялар есебінен 1,4 млрд теңге сомасына тағы 8 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Алакөлге шамамен 1,6 млн адам келсе, биыл 2 млн турист келеді деп күтілуде.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, Алакөл көлі бағытына жазғы маусымда (маусымнан тамызға дейін) аптасына 28 рет Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан 3 авиарейс жүзеге асырылады. Оның ішінде «Алматы-Үшарал» және «Талдықорған Үшарал» рейстері субсидияланады, сондай-ақ 1 коммерциялық «Астана-Үшарал» рейсі бар. Оған қоса Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 12 теміржол рейсі, оның ішінде «Астана-Достық» бағытында «Тальго» пойызы жүреді. Сонымен қатар жазғы уақытта «Алматы қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы», «Талдықорған қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы» бағыттары бойынша 50 орындық автобус маршруттары тұрақты түрде ашылды. Осы бағыттар бойынша автобус күнделікті қатынайды.

Алакөл көлінде оқыс жағдайлардың алдын алып, жедел ден қою үшін ТЖД құтқару бөлімшесі сүңгуір жабдықтарының 21 жиынтығын, жаңа қозғалтқыштармен жабдықталған 7 моторлы қайық, 2 резеңке қайық, 2 УАЗ, Нива, КАМАЗ және әмбебап «ТРЭКОЛ» автомашиналарын дайындады. Ақши мен Көктұм ауылдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша өрт сөндіру бекеттері ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы елді мекендерге жазғы маусым кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ету үшін жедел жәрдем дәрігерлерінің 2 бригадасы жіберілді. Көліктік бақылау инспекциясы жүзу құралдарын бақылауды жүзеге асыру үшін қайық сатып алды, енді биыл судағы қозғалыс қауіпсіздігін 2 инспектор бақылайды. Жағалаудың тазалығын қамтамасыз ету үшін Алакөл ауданының әкімдігі жазғы маусымда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарып, жағалауда күн сайын санитарлық тазалау жүргізетін болады. 120 қоқыс контейнері мен бактар бар, 24 санитарлық-гигиеналық торап және 10 биотуалет орнатылды, – деп хабарлады басқармадан.

ПІКІР ЖАЗУ