Биыл Ақмола облысында 38 медициналық нысан бой көтереді
Ақмола облысына сапары барысында Денсаулық сақтау министрі “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасының аясында салынып жатқан бірнеше ауылдық медициналық нысандарды тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Өңірде бағдарлама бойынша биыл барлығы 38 медициналық нысан, оның ішінде 3 медициналық пункт, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Аталған медициналық ұйымдар 43 мың ауыл тұрғынын медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.
Ауылдардағы медицина қызметкерлерімен кездесулер барысында медициналық көмектің сапасы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, маусымдық қызметкерлерді МӘМС-пен қамту мәселелері талқыланды. Бұдан әрі ауылдағы жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары, жалақыны көтеру және тұрғын үй жағдайларын жасау туралы сөз болды.
Министр Қараменді батыр, Төңкеріс, Ынтымақ ауылдарында ФАП құрылысын қарап, Арайлы, Нұресіл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылған жерде болды.
Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралау қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған нысандарды тапсыру және ауыл тұрғындарына медициналық көмек алу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтылды.