Бір апта ішінде 700-ге жуық адамды кене шағып алды

Кенелер белсенділігі басталғалы бері Татарстанда 1 548 адам, оның ішінде 396 бала медициналық ұйымдарға жүгінген. Бұл туралы 30 сәуірдегі жағдай бойынша Татарстандағы Роспотребнадзор басқармасы хабарлады. Бір апта бұрын республикада бар болғаны 865 өтініш тіркелген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бизнес онлайн сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның нақтылауынша, кененің шағуы ең көп тіркелген қала – Қазан (382 жағдай). Одан кейін Набережные Челны (198) мен Нижнекамск (171) тұр.
Биыл адамдардан алынған 513 кенеге зерттеу жүргізілген. Соның ішінде 55 кене (11%) иксодты кене боррелиозының қоздырғышын, ал 8 кене (1,5%) кене арқылы берілетін энцефалит вирусын тасымалдайтыны анықталған. Сонымен қатар, зерттелген кенелердің арасында адам моноцитарлы эрлихиозының (2 жағдай) және гранулоцитарлы анаплазмозының (6 жағдай) қоздырғыштары да табылған.
Еске сала кетейік, 29 сәуірде Татарстан кененің шағуына байланысты ең көп өтініш тіркелген аймақтардың біріне енгені хабарланған еді. Роспотребнадзордың мәліметінше, 23 сәуірге дейін республикада кенелерге қатысты 864 өтініш түскен.
Бұл мәселе жөнінде баспасөз конференциясында Татарстандағы Роспотребнадзор басшысының орынбасары Любовь Авдонина сөз қозғады. Оның айтуынша, шағу жағдайлары көпжылдық орташа көрсеткіштер деңгейінде. Алайда, суық ауа райына байланысты қазір кенелердің белсенділігі төмендеген.
Соған қарамастан, алда әлі маусым бар және ол жалғасады. Сондықтан біз үнемі айтып жүрген кенеден қорғану шараларын сақтау аса маңызды, – деді ол.
Авдонинаның айтуынша, биыл 2,8 мың гектар жерге – халық көп жиналатын орындарға: саябақтар, алаңдар, мерекелік аймақтар мен балалар лагерлеріне өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, 2024 жылы Татарстанда кенелер шағып алғаннан кейін 12,8 мыңнан астам адам ауруханаға жүгінген. Жыл бойы 31 иксодты кене боррелиозы және 9 кене энцефалиті жағдайы тіркелген.