Білім ғимараттары жаңартылып жатыр

Шымкент қаласындағы Қ.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта мектебі «апаттық жағдайда» деп танылған болатын. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы ғимаратқа өзі барып, жағдайымен танысып, тәуелсіз сараптама жасауды тапсырған еді. Осыған орай, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тәуелсіз сараптама жасады. Биылғы жылдың 24 қыркүйегіндегі сараптама қорытындысына сәйкес, ғимарат «апаттық» деп танылған жоқ. Сөйтіп 7 қазаннан бастап оқушылар өз ғимаратында білім алуға кірісті.

Әйтсе де, мектеп ғимаратына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бірінші қабаттағы сынып бөлмелерінде кәріз жүйесі жарамсыз, ал қабырғалары ылғалданып, көгергені анықталды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған ақаулар демеушілер есебінен қайта қалпына келтірілді. Қазіргі таңда, аталған мектепті 2025-2027 жылдары күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатында» да жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындаған еді. Өйткені мектеп-интернаттың қосымша корпусы шамамен 1939 жылы пайдалануға берілген. Биыл сәуір айында тозығы жеткен ғимарат сүріліп, орнына жаңа білім ошағының құрылысы басталды. Қалалық құрылыс басқармасының тарапынан жүргізілген жұмыстың арқасында нысанның құрылыс-монтаждау жұмысы алты айда толық аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік қабылдау актісімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жаңа ғимарат екі қабаттан тұрады. Оның бірінші қабатында медицина бөлмесі, оқу сыныптары, тәрбиешілер мен күзет қызметкерлерінің бөлмелері және кітапхана орналасқан. Ал екінші қабатында жатақхана қарастырылған. Мұнда 3-12 жас аралығындағы балалар оқу жылында тәулік бойы білім алады.

Қазіргі уақытта 70 балаға лайықталған негізгі ғимаратта 89 бала білім алуда. Ал жаңа корпус ашылғаннан кейін қосымша 40 балаға арналған орын пайдалануға берілетін болады.