Бес балалы ана Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Бокстан Қазақстан құрамасының өкілі Әйгерім Сәттібаева 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. “Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер бәсекесі бойынша жартылай финал басталды. 48 килограмдағы Айгерім Сәттібаева бірінші рингке көтеріліп, Өзбекстан спортшысы Феруза Казаковамен жұдырықтасты. Тартысты өткен айқас 1:4 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді”, – делінген федерацияның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған ақпаратта.

Еске салсақ, 48 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Әйгерім Сәттібаева ширек финалда филиппиндік Офелия Маньомен кездесті. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Айта кетейік, Әйгерім Сәттібаева – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Ол ұзақ үзілістен соң 2023 жылы боксқа оралған еді. Әйгерімнің жұбайы – бокстан Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев. Ерлі-зайыпты бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр. 

ПІКІР ЖАЗУ