Берекелі бауы бар

 

Иә, әр жердің ауа райына қарай онда өсетін өсімдіктердің өзіндік ерекшелігі болады. Таулы аймақтардың алма, жүзім, доланасы мен пістесінде де осындай ерекшелік бар. Мысалы, Төлеби ауданына бара қалсаңыз, ондағы ағаштарда самсап тұрған жеміс-жидекке әуесіңіз келеді.

Бір жақсысы, тәтті жеміс өсіруге таптырмайтын өңірдің бағбандары да заман талабына сай жаңа сорттарды тауып, оны жерсіндіру жұмыстарын жетік меңгерген екен. Қарқынды бауға қарқын қосқан «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, шын мәнінде де, алма өсіру арқылы ауданның брендін қалыптастырып отыр десек артық айтқандық емес. Ахмедияр Нұрғалиұлы есімді жеке кәсіпкер басшылық ететін кооператив 140 гектар жерге алманың төрт түрін өсіріп, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Біз барғанда елу шақты жұмысшы алма теріп, жиын-терім науқанының көрігін қыздырып жүр екен. Жапырағынан гөрі жемісі көп ағаштардың бойы анау айтқандай биік емес, жұмысшылардың емін-еркін жүріп алма теруіне ыңғайлы екен. «Мұнда алманың «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес» және «Гала» түрлері егілген, – деді өзін Кенжеғали Әбдіхалықов деп таныстырған агроном. – Қарқынды бау егуді қолға алғанымызға биыл үшінші жыл, енді өнім бере бастады. Бұл баудың ерекшелігі – былайғы баудан жеті есе көп өнім береді. Тамшылатып суарылатындықтан шығыны да көп емес».

Агрономның айтуынша, алманың бұл сорты әр гектарынан жүз тоннаға дейін өнім береді. Жиырма жыл үздіксіз жеміс беретін ағаштың сыртқы тұрқына қарап соншалық жеміс беретініне сенбейсің. Бірақ, дер кезінде күтімін жасап, бейберекет өскен бұталарын бұтап тұрса жетіп жатыр. Бойы аласа болғандықтан үстін арнайы тормен жауып қоюға да ыңғайлы екен. Бұл жемісті құстан, бұршақтан қорғайды.

Кооперативте 110 гектар баудан бөлек 30 гек¬тар жерге құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда алманы тереңдетіп өңдейтін арнайы цех болады. Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерден келетін тұтынушыларға да барлық жағдай жасалған. Өнім терілгенше күте тұру үшін арнайы қонақүй қарастырылған.

ПІКІР ЖАЗУ