Бекіре балығы мен уылдырығын заңсыз сақтаған тұрғын 3 жылға сотталды

 Атырау қаласында 90 келі бекіре балығы мен 146 грамм бекіре уылдырығын заңсыз сақтаған тұрғын сотталды. Сот азаматты 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануар түрін өз үйінің тоңазытқышында заңсыз сақтаған тұрғынның ісі Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Оған қылмыстық кодекстің 339-бабы, 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша айып тағылған. Кінәлі деп танылған тұрғыннан бекіре балығы мен уылдырығы 2024 жылдың 17-тамыз күні анықталған. Оның қылмысқа қатысы бар екендігі тінту хаттамасымен, сот-биологиялық, сот-тауартану сараптамасының қорытындыларымен дәлелденіпті. 

Іске жауапты прокурор, құрып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер, сонымен қатар олардың тыйым салынған түрлеріне қатысты жұмысқа араласу құқығынан 5 жылға айыра отырып, айыпталушыны 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Дегенмен сотталушының балалары 14 жасқа толғанша жаза өтеу мерзімін кейінге шегеруді ұсынды. 

Ал айыпталушының өзі кінәсін мойындай, ақтауды өтініпті. Дегенмен сот 3 оны жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады.

Сот үкімімен К.Ж. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, оған өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды,-дейді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. 

ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазаны өтеу балалары 14 жасқа толғанша 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. 

ПІКІР ЖАЗУ