“Бейбітшілік кеңесі”: Газаға дипломатиялық жол ашыла ма?

Ақ үйде ертең, 19 ақпанда Газа мәселесі бойынша «Бейбітшілік кеңесі» өтеді. Бұл бастама АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке бастамасы болып саналады. Бұл отырыс Газаға дипломатиялық жолды аша ала ма? Кеңеске бірқатар елден, соның ішінде Ресей мен Беларусь елдерінен өкілдер қатыспайды. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Сарапшылардың пікірінше, Трамп халықаралық ұйымдарға сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан жаһандық мәселелерді өз бақылауына алуға ұмтылады.

АҚШ-тың бастамасы

Халықаралық сарапшы Таир Нигманов Трамптың ұйымдарға қатысты қарым-қатынасын атап өтті.

Жалпы алғанда, бұл бастама Дональд Трамптың өзінен шыққан. Дональд Трамп халықаралық ұйымдарға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына онша жылы қарай бермейді. Сол себепті ол барлық қақтығыстарды, жалпы маңызды халықаралық мәселелерді, дәлірек айтсақ, халықаралық қақтығыстарды шешу мен әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдердің бәрін өзіне, өзінің тұлғасына “түйістіріп” алуға тырысады. Яғни мұндай бастамалардың бәрінде ол, әдетте, басты рөл атқаруға ұмтылады, – деді сарапшы.

“Бейбітшілік кеңесі”: дипломатиялық құрал

Халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, саясаттанушы Риззат Тасымның пайымдауынша, кеңестің нақты ауқымы әлі айқын емес. Бірақ ол қалыптасқан статус-квоны өзгертуге бағытталған қадам.

Әзірге “Бейбітшілік кеңесінің” нақты ауқымы мен тұрақты стратегиялық бағдары айқын болмай тұр. Соған қарамастан, ол қалыптасқан статус-квоны өзгертуге бағытталған нық қадам. Дәстүрлі форматта шешілуі қиын шиеленістер дәл осындай баламалы бастамалар арқылы қозғалыс табуы ықтимал, – деді халықаралық сарапшы.

Саясаттанушы бұл алаң дипломатиялық тығырыққа тірелген жағдайда жаңа мүмкіндік тудыруы мүмкіндігіне тоқталды.

Егер бастама шын мәнінде кең инклюзивті сипат алса, Газа мәселесі бойынша жаңа қауіпсіздік архитектурасының элементіне айналуы ғажап емес, – деп баға берді.

Қазақстан үшін кеңестің маңызы қандай?

Ал Қазақстан үшін кеңестің маңызы – дипломатиялық құралдардың басымдығы.

Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін Кеңестің дипломатиялық құралдарға басымдық беру сыртқы саясаттың табиғи жалғасы. Қадам еліміздің көпвекторлы ұстанымына және халықаралық құқыққа негізделген қағидаттарына қайшы келмейді, – деп атап өтті Риззат Тасым.

Таир Нигманов Қазақстанның бұл бастаманы қолдауының себебін былайша түсіндірді.

Сондықтан Қазақстан да бұл бастаманы бір жағынан қолдап отыр. Екінші жағынан, америкалық президенттің бар экстраваганттығы мен ерекше мінезіне қарамастан, бұл қадам біздің сыртқы саясатымызға сәйкес келеді. Қазақстан дәстүрлі түрде қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды, – дейді сарапшы.

Ресей мен Беларусь неліктен қатыспайды?

Нигмановтың пайымынша, Ресей мен Беларусьтің қатысуы екіұшты.

Жалпы олар бұл жобаны қолдаған сияқты, бірақ нюанстар бар. Біріншіден, Ресей тіпті қаржы бөлуге де дайын, бірақ ол өздерінің шетелде бұғатталған активтерінен. Атап айтқанда, Путин АҚШ-та бұғатталған активтерден 1 миллиард долларды Газаны қалпына келтіруге беруге дайын екенін айтқан. Бұл жерде дипломатиялық ойын басқа арнаға ауысады, – дейді сарапшы.

Беларусь те Ресеймен бір бағытта әрекет етеді:

Беларусь қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Ресеймен бір “байламда” жүр, әдетте қадамдарын да ұқсас жасайды. Бұл ресми деңгейде де ашық айтылып жүр, – деді спикер.

Ал Риззат Тасым олардың бұл форматтағы әрекеті прагматикалық тұрғыда түсіндірді.

Ресейге келсек, олар өзінің бұл форматтағы орны мен миссиясын әлі айқындай алмаған сияқты. Сонымен бірге оларға ықтимал компромисстердің шегі түсініксіз. Осындай жағдайда алдын ала позициясын айқындамай, отырыстардан бас тартуы прагматикалық шешім. Ал Беларусь жағдайында мәселе күрделірек. Егер Александр Лукашенко жеке өзі қатысуға ниет білдірсе де, санкциялық тәуекелдер айтарлықтай жоғары. Бұған қоса Вашингтонға дейінгі логистика қауыпсіздігіне қатысты сенім әлсіз. АҚШ аумағына оның соңғы сапары он жылдан астам бұрын болған еді. Сондықтан “изоляцияда емеспін” деген символдық саяси ұпайдан гөрі, тәуекелдерді есепке алып, сыртқы істер министрі деңгейінде шектелу қисынды, – деп тұжырымдады Риззат Тасым.

Жалпы алғанда, “Бейбітшілік кеңесін” өткізу туралы бастама халықаралық қатынастардағы жаңа дипломатиялық ізденістің көрінісі. Қазақстан үшін бұл бастама дәстүрлі дипломатиялық жолмен қақтығыстарды шешуге сәйкес келеді және көпвекторлы сыртқы саясатты қолдайды. Кеңестің табысы қатысушылардың саяси еркі мен шынайы келісімге дайындығына байланысты болады.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен “Бейбітшілік кеңесінің” алғашқы отырысына қатысу үшін Вашингтонға жұмыс сапарымен баратыны туралы жаздық.