Базар саны азайды: Елімізде қанша сауда орны қалды?

Қазақстанда базар саны азайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 588 базар жұмыс істейді, 2024 жылға қарағанда базар саны 38 бірлікке азайған.
Олардың басым бөлігі – 417-сі қалалық жерлерде, 171-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Статистикаға сәйкес, базар саны бойынша тізім басында Түркістан облысы тұр. Онда 103 базар болса, одан кейін Алматы облысында – 57 базар, Ақтөбе облысында – 53 базар бар. Ең аз сауда базары Ұлытау облысында екен. Ол жақта небәрі – 6 базар ғана.
Базарлардағы сауда орындарының саны да бір жыл ішінде азайып, 147,6 мыңға жетті (2024 жылы – 150,8 мың). Өңірлік бөліністе сауда орындарының ең көп саны Алматы қаласында тіркелген (26,5 мың), алғашқы үштікте, сондай-ақ, Жамбыл (19,8 мың) мен Алматы облыстары да бар (17,2 мың). Жалпы базар санының ішінде 265 базар заңды тұлғаларға тиесілі болса, 323 базар дара кәсіпкерлердің иелігінде. 588 базардың 9-ы коммуналдық, 323-і жабық базарға жатады. Сатылатын тауар түріне қарай 222 базар мамандандырылған, ал 366 – әмбебап, – дейді Ұлттық статистика бюросы.
Айта кетейік, сауда көлемі бойынша 39 базар көтерме, 549 базар бөлшек саудаға арналған.




