Басты мақсат- жастарды жұмыспен қамту

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасы аясында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың  экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық жоба аясында көрсетілетін жұмыспен қамтудың белсенді шараларының басымды бағыттары жөнінде қала әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының мамандары тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында қала жастарымен кездесті.

“Фараб” кітапханасында ұйымдастырылған жиында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының негізгі талаптары мен шарттары талқыланды. Қатысушы жастар жоба шеңберіндегі көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Айта кетейік, шаһарда жыл басынан бері 2680 тұрғын жұмыспен қамту шараларына қатысқан.

Қоғамдық жұмыс орындарына – 745 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 120 азамат , жастар практикасы бойынша – 203 тұрғын жұмысқа жолданды. Тұрақты жұмыс орындарына – 1582 азамат, алғашқы жұмыс орнына – 30 азамат жолданды.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз грант – 9 тұрғынға үлестірілді.

Қазіргі таңда жұмыспен қамтудың шаралары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 6000-ға жуық тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған.

ПІКІР ЖАЗУ