Башқұрт белсенділерінің “Ақбозат” қозғалысы Украинадағы соғыстан бас тартқан жауынгерлерге көмектеспекші

 Башқұртстанның шетелдегі төрт азаматы өткен аптада азамат құқығын қорғайтын “Ақбозат” қозғалысын құратынын мәлімдеген. Бұл жөнінде Азаттықтың татар-башқұрт редакциясы — Idel.Реалии жазды. Бұл ұйым Украинадағы соғысқа қатысудан бас тартқан әскери қызметкерлердің келісімшартын үзу мәслесіне көмектесуді ұйғарып отырғанын айтқан.

 “Біз — еріктілер командасы, әскери қызмет жөніндегі келісімшартын үзгісі келетіндерге көмектесуге дайынбыз. Әрбір әскери қызметкердің келісімшартын мерзімінен бұрын үзуге құқығы бар. Заңда ол үшін қылмыстық немесе әкімшілік жаза қарастырылмаған” дейді “Ақбозат” қозғалысы Telegram арнасындағы алғашқы жазбасында. Қозғалыстың аты-жөнін жарияламауды сұраған заңгерінің сөзінше, қазір Башқұртстанда азамат құқығына арналған қозғалыс жоқ. Өйткені кей ұйымдар жабылып қалған, кей ұйымдар шетел агенті санатына жатқызылған.

—Қазір бірінші кезекте әскери қызметкерлерге құқықтық көмек беру мәселесі тұр. Біз тек заң көмегін көрсетеміз, ешқандай саяси әрекетпен шұғылданбаймыз, — дейді ол.

 Заңгердің сөзінше, қозғалыс атауы кездейсоқ емес. Өйткені “Ақбозат” — башқұрт эпосында жиі кездесетін тұлпардың атауы.

— Біз “Ақбозат” деген атауды қозғалыстың символы ретінде әдейі таңдадық, өйткені бұл отанымызбен, әдемі тарихымызбен байланысымыздың белгісі,-дейді заңгер.

 “Ақбозат” командасында қазір екі заңгер, бір IT-маман, маркетолог және журналист бар, олардың бәрі — Башқұртстаннан шетелге кеткендер. “Ақбозат” заңгерінің сөзінше, оларды Украинадағы соғысқа барғысы келмейтін әскери қызметкерлерлерге құқықтық көмек көрсетіп жүрген “Азат Бурятия” қорының жұмысы ынталандырған. Биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, онысын “арнаулы операция” деп атаған. “Арнаулы операцияға” тек кәсіби дайындықтан өткен жауынгерлер мен әскерге келісімшартпен келгендер ғана қатысатынын жариялаған. Кейін Ресей қорғаныс министрі әскери борышын өтеуге шақырылған жауынгерлер де қатысып жатқанын растаған. Украинадағы соғысқа Ресейдегі аз ұлттар өкілдері де белсене тартылып жатқаны байқалған. ​Азаттықтың Татар-башқұрт қызметі Татарстан, Башқұртстан, сондай-ақ Еділ, Жайық өзендері бойындағы облыстар мен республикалардан мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылған жауынгерлердің жиі кездесетінін анықтаған.

ПІКІР ЖАЗУ