Бас жүлде «Отырар» халықтық театрында

Түркістан облысы, Келес ауданында «Келес» халықтық театрының құрылғанына 45 жыл толуына орай «Театр — өмір айнасы» атты халықтық атағы бар театрлар арасында фестиваль өтіп, өз мәресіне жетті.

Түркістан облысының аудан, қалаларынан қатысқан 15 халықтық театр ұжымдарының арасынан Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» қойылымын сахналаған «Отырар» халық театры бас жүлдеге ие болды. Бұл тамырын тереңге жайған театр ұжымының кезекті жеңісі. Бұдан бұрын «Отырар» халықтық театрының Түркістан қаласындағы көрсеткен өнері арқылы көпшіліктің қызығушылығын оятып, көрермендерінің ықыласына бөленген болатын.

Сонымен қатар, тарихи рольдерді асқан шеберлікпен сомдап, көрермендеріне «Қажымұхан» есімімен танылған жас актер Мұхамед Нәлмішов өнер фестивалінің «Үздік актері» атанды.

Халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтырып, игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан «Отырар» халық театрына толағай табыстар тілейміз!

Ал, жеңімпаз болып оралған жерлестерімізге шығармашылық жолындағы жеңісті күндеріңіз, сәулелі сәттеріңіз көп болсын дегіміз келеді.

Жеңіс құтты болсын!

ПІКІР ЖАЗУ