Барлық салада өсім бар

Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық болып, 3 бағытта дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде, 1 050 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Түркістан қаласына келуші туристер саны да көбейген. Биылғы тоғыз айда 1,1 млн адам келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6 есе артқан.

Мамандарды даярлау, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2 мыңға жуық жас білім алуда. Университет студенттері халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл оларға өз мамандығы бойынша әлемнің кез келген нүктесінде кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік бе­ре­ді. Бүгінде өңірге келетін қонақтар, туристермен жұмыс жүргізетін гид-экскурсоводтардың білікті кадрлар санын ұлғайту үшін 50 маман даярланды. Тау-шаңғы туризмін дамыту мақсатында Төле би ауданында «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығы» салынады. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Облыс аумағында 1 663 тарих және мәдени ескерткіштер орналасқан. Жалпы, туризм саласы ғана емес, соңғы үш жылда Түркістанда 445 млрд теңгеге жаңа 257 нысанның құрылысы жүргізілді, оның 230 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен. Ал 123 нысанның құрылысы аяқталған. Облыста сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция, шағын және орта бизнес салаларында өсім бар. Өңірлік жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша облыс республикада екінші орында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының биылғы 9 айдағы қорытындылары туралы баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтірді. Президент облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Облыс әкімі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы туралы жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының және Қоғамдық кеңес алдында да есеп берген болатын. Көп­шілік есеп берудегі бұл ерекшелікті бір­лік пен бір мақсатта ортақ тіл табыса жұмыс істеудің нәтижесіне балап отыр. Облыс әкімі өз есебінде атқарылған істермен қатар маңызды жоспарлармен де бөлісті.

«Үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 41%-ға артып, 2,4 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 18%-ға, ауыл шаруашылығы 34%-ға, инвестиция 2,4 есеге артты. 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, өсім 90% болды. Облыстық бюджеттің көлемі 2 есе ұлғайып, 1,1 трлн теңгені құрады. Коронавирус індетіне байланысты шектеулерге қарамастан биылғы  8 айында облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң өсімі сақталды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 552,1 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 103,9%-ды құрады. Жыл қорытындысымен 2,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінде 187,7 млрд теңге өнім өндіріліп, тоқыма бұйымдарының өндірісі – 2,5 есеге, сусындар өндіру – 34,8%, қағаз бұйымдарының өндірісі – 32,6%, тамақ өнімдері 5,8% өскен. Еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 27,5 мың доллар құрап, 5,8% артты. Оның деңгейін 106,3% жеткізу жоспарлануда. Уран және металлургия өндіру көлемінің 2,1%-ға артуы есебінен тау-кен өнеркәсібі өнім көлемі 180 млрд теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығында 405,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдан 67,5 млрд теңгеге артқан. Кәсіпкерлік саласы бойынша 143 166 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 215 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсімді құрап отыр. Облыс әкімі келтірген дерекке жүгінсек, өңірдің индустриялық әлеуетін жақсарту мақсатында 698,2 гектар аумақта 9 индустриялық аймақ құрылып, инфрақұрылым тартылған. Индустриялық аймақтарда жалпы құны 37,1 млрд теңге болатын, 4 293 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 59 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 37 жоба іске қосылып, 1 572 жұмыс орны ашылды, инвестиция көлемі – 27,8 млрд теңге. Биыл 683 жұмыс орнымен 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Бизнес-климатты жақсарту бойынша ірі жобаларды іске асыруға облысқа 321,7 млрд теңге инвес­ти­ция бағытталған, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 20,2%-ға артық.

Сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын және жастар саясатын дамыту жөніндегі іс-шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Мысалы, облыс бойынша 18,2 млрд теңгеге 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 70 мектеп – облыстық бюджет есебінен (16,1 млрд тг.), 8 мектеп – «Ауыл – ел бесігі» жобасымен (2,1 млрд тг). Одан бөлек, Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі салынуда. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыста биыл 60 сумен жабдықтау нысанының құрылысына бюджеттен 12,7 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысында ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 710-ға жетіп, қамту көрсеткіші 93,3% болады деп жоспарлануда. Бұл орайда Қазығұрт ауданында Өгем өзенінде каскадты ГЭС-пен бірге су құбыры құрылысы жобасы іске асырылады. Жоба құны – 130 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2021-2025 жылдар. Құрылыс барысында 500 жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру облыстың оңтүстік аймақтарындағы 1 млн адамды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, алдағы 5 жылда елді мекендер 100% ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал газбен қамтылған елді мекендер санын биыл 444-ке жеткізу, 5 жылда 85,4%-ға немесе 722 елді мекенді қамтамасыз ету жоспарлануда. Биыл 58 электрмен жабдықтау нысандарының құрылысына 9,1 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында 16 елді мекен (23 500 халық) сапалы жарықпен қамтылатын болады. Сонымен қатар Түркістан қаласында мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі аясында жылу-энергетикалық орта­лығы салынады. Бюджет есебінен техникалық-экономикалық негіздемесі және жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Инвестиция көлемі – 36,5 млрд теңге. Құрылыс барысында 450 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде, Түркістан қаласы толық жылу және электр қуатымен қамтылады. Өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 148,1 млрд теңгені құрап, 23,9%-ға артты, жыл соңына дейін 305,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Жыл қоры­тындысы бо­йынша жалпы 85 көп­қабат­ты тұрғын үй немесе 328,3 мың шаршы метр пайдалануға тапсырылмақ. Яғни 5 229 отбасы баспаналы болады, оның ішінде 708 пәтер – әлеуметтік осал топ­тағы отбасыларға, 1 103 пәтер – аз қам­тылған көпбалалы отбасыларға сатып алу құқығынсыз берілсе, 3 418 пәтер әлеу­меттік кредиттік пәтерлер ретінде жеңіл­де­тілген бағамен сатылатын болады.

Өңірде атқарылған тірлік ауқымды, ертеңгі күннің еншісіндегі жұмыстар да аз емес. Бұл орайда Мемлекет басшысы сумен қамтамасыз ету жұмыстарын және аймақтағы өзге де қолға алынған жобаларды кезең-кезеңімен, уақтылы жүргізіп, тиянақты аяқтауды тапсырды.

 

ПІКІР ЖАЗУ