Балаларды қорғау күніне орай Абай облысында «қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» форумы өтті

Балаларды қорғау күніне орай Абай облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Alikhan Bokeikhan University» базасында «Қауіпсіз балалық шақ – құқықтық мәдениеттің бастауы» облыстық форум өтті. Форумға Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нускенова қатысып, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараға жалпы білім беретін мектептердің құқық фракциясы мүшелері мен олардың жетекшілері, сондай-ақ Жарма, Ақсуат және Бородулиха аудандарынан келген оқушылар қатысты. Барлығы 100-ге жуық оқушы, педагог және сала мамандары жиналды.

Форумға Абай облысы білім басқармасы, «Дарын» орталығы, балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті, Семей қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі, Абай облыстық «Өңірлік психологиялық қолдау орталығы», «Alikhan Bokeikhan University», «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының мамандары мен сарапшылары қатысып, мазмұнды ақпараттар бөлісті.

Форум аясында түрлі саланың мамандары мен сарапшылары мазмұнды баяндамалар жасап, балалармен ашық пікір алмасты. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, психологиялық қауіпсіздік, құқықтық мәдениетті қалыптастыру тақырыптары қозғалды.

Сонымен қатар оқушылар мектептегі құқықтық тәртіп, қауіпсіз орта және бақытты балалық шақты қамтамасыз етуге арналған авторлық жобаларын таныстырды. Форум соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыру, қауіпсіздікке негізделген білім кеңістігін қалыптастыру және оқушыларды қоғамдық өмірге белсенді араластыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Абай облысында осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша мектептерде қауіпсіздік сабақтары өтеді. Бұл сабақтарға 100 мыңнан астам оқушы қатысып үлгерді. Бұдан бөлек, құқықтық тәрбие, экологиялық білім, ата-аналармен жұмыс, буллингтің алдын алу мектептерде өткізіледі. «KiVa», «Komek Stop Bullying», «ДосболLIKE» сияқты заманауи жобалар арқылы мектептерде жайлы, достық орта қалыптасуда.