Балаларды қауіпті контенттен қорғайтын сим-карта іске қосылды

 Балаларды цифрлық кеңістікте қорғау – «SIM KIDS» жобасының алғашқы қадамы. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балаларды қорғау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі Кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауында. Біз өз тарапымыздан бұл шараларды жүзеге асыруға кірістік, – деп жазды Бас прокурор.

Мәселен, Алматы қаласында прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірігіп, «SIM KIDS» атты пилоттық жобаны іске қосты. Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған сим-карта. Осы сим-картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады. Жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмысы алдын ала жүргізілуі тиіс. Бала цифрлық кеңістікте суицидке итермелейтін қауіпті ойындардан, құмар ойындарға тәуелділіктен, сондай-ақ психикасына зиян келтіретін және отбасылық тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасын бұрмалауы мүмкін кез келген жағымсыз контенттен қорғалуы тиіс. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі отбасындағы көңіл бөлуден басталады. Ересектер балалардың көңіл күйіндегі, ортасындағы және қызығушылықтарындағы өзгерістерге сезімтал болғаны жөн, – деп жазды Берік Асылов.

ПІКІР ЖАЗУ