Балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда өңірімізде балалар спорты мен бұқаралық спортты дамыту және проблемалық мәселелері қаралды. Кеңес мүшелері бас қосқан мәжілістің ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, бұқаралық спортты дамыту мәселесіне Мемлекет басшысы айрықша көңіл бөліп отырғандығын жеткізді.
Президенттің халқымызға арнаған биылғы Жолдауында, жастарымызды дені сау, мықты азамат болып өсуін қамтитын спорт саласындағы заңнаманы жаңарту бастамасы айтылғаы белгілі. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді деп үміт артылып, жастарды қолдау жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында саланы одан әрі дамытуға, проблемалық мәселелерін шешуге бағдарланған практикалық ұсынымдар әзірленуі керек екендігіне назар аударылды.
Жиын тізгінін қолға алған партия филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ханай Әшірбеков Түркістан облысында балалар спортын дамыту, азаматтардың спортқа деген қызығушылықтарын оятуда салалық мемлекеттік органдар мен спорт және білім беру ұйымдары тарапынан нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанын айта отырып, салада шешімін көптен күткен жүйелі проблемалар да бар екенін мәлімдеді. Өзекті деген мәселелерді шешуде бірлескен ұсынымдадардың әзірленуі маңызды екенін атап өтті.
Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова хабарлама жасап, облысымызда мемлекеткене қарасты 100 спорт мекемелері мен кәсіпорындары жұмыс істейтінін мәлімдеді. Осы ұйымдарда 61 спорт түрінен дайындық жүргізіліп, 60 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізді. Бекітілген жаттықтырушылар саны 2426 адамды құрайтынын атап өтті.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында жыл басынан бері дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың үлесі 964798 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 44,8 пайызын құрайтыны айтылды. Халықтың спортпен жүйелі шұғылдануы және дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасауда
238 спорт жөніндегі әдіскерлер мен 255 спорт жөніндегі нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілгені хабарланды. Облыстағы балалар мен жасөспірімдердерге арналған барлығы 52 спорт мектебінде спорттың 38 түрі бойынша дайындық жүргізілетіні айтылып, оларда қызмет атқаратын 1687 жаттықтырушыға орташа есеппен 40808 баладан келетіні жарияланды. Ал, мемлекеттік-жекешелік әріптесік шеңберінде барлығы 27 спорт ұйымдары спорттың 25 түрі бойынша
7600 балаға қызмет көрсететіні белгілі болды. Осы әріптестік шеңберіндегі ұйымдарда барлығы 369 жаттықтырушы еңбек ететіні жария етілді. Одан бөлек, аудан, қалаларда ашылған 18 спорт клубтарында 379 жаттықтырушы 12735 балаға спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізетіні жеткізілді.
Осы мәселе бойынша Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қосымша хабарлама жасап, облысымыздағы орта білім беру ұйымдары арасындағы Ұлттық мектеп лигасы жарыстарының нәтижелерін баяндады. Айта кету керек, мектеп лигасы бойынша спорттың 10 түрінен жарыстар өткізу үрдісі қалыптасып, бүгінгі күнге дейін осы ойындар шеңберінде 44 сайыс өткізілген. Жарыстарға облыс мектептерінен 4244 оқушыны құрайтын 475 команда қатысып, балалар осы жарыстар шеңберінде 144 кубокты, 1307 жарыс медальдарын сарапқа салған. Түркістан облысы осы жарыстардың республикалық кезеңдерінде дәстүрлі түрде топ бастап жүргені баршамыздың мақтанышымыз.
Жиын барысында кеңес мүшелері бюджеттен қаржыландырылатын спорт мектептерінің жұмыс тиімділігін арттыру, олардың санын оңтайландыру, ауылдық жерлерде заманауи спорт ұйымдарының қызмет атқаруына жағдай жасау, бұқаралық спортпен тұрақты шұғылданушылардың шынайы статистикасын қалыптастыру, жаттықтырушыларды аттестациядан өткізудің тетігін әзірлеу, мемлекеттік-жекешелік әртіптестік шеңберінде қызмет атқаратын спорт үйірмелерінің қызмет нәтижелілігін объективті бағалау, мектептердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің әлеуетін тиімді пайдалану, кәсіби жаттықтырушыларды кәсіби ынталандырудың жүйесін түзу, балалар арасында кеңінен танымал спорт түрлерін дамытудың әдістемесін әзірлеп, қабылдау мәселелері бойынша бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, олар тиісті тәртіппен рәсімделіп, жоғары тұрған құрылымдарға жолданатын болды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі