Бәйдібек:«AMANAT» парламент мәжілісінің депутаттары мектептердің құрылысымен танысты
Түркістан облысы аумағында 120 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл өңірде 26 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аймақтағы білім ғимараттарының жөндеу және жаңа мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, “AMANAT” партиясының Фракция мүшелері Қайнар Абасов пен Жұлдыз Сүлейменова Түркістан облысына арнайы іс-сапармен келді. Мәжіліс спикерлері Бәйдібек және Ордабасы аудандарындағы “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен және құрылысы жүріп жатқан білім ұяларымен танысты.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, “AMANAT” партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Баян Ахатай,облыстық мәслихат депутаты ретінде мен және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегенов алдымен Бәйдібек ауданы Ағыбет ауыл округі, Ағыбет ауылындағы Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектеп ғимаратына барды. Жұлдыз Досбергенқызының Түркістан облысына 2021 жылы қыркүйек айында жасаған іс-сапары барысында Ағыбет ауылының тұрғындары елді мекендегі мектептің шатыры мен қабырғасы тозғандығын айтып шағымданған болатын. Сапар барысында Ж.Сүлейменова Ағыбеттегі мектепке арнайы барып, шағым иелерімен кездесу өткізген болатын. Қазіргі таңда елді мекендегі білім ұясының шатыры мен ішкі-сыртқы қабырғалары толық күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа жауапты “Сервис Центр – 2007” ЖШС мердігер мекемесінің директоры Бақытжан Жандабаевтың айтуынша білім ошағы жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне берілмек. Жалпы, Есіркеп батыр орта мектебі 300 балаға шақталған. Қазір 280-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратының іргетасы 1990 жылы қаланған. Есіркеп батыр орта мектебінің директоры Қайрат Бермаханов:
-Құрылысы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарына тиесілі мектептің шатыры әбден тозған-ды. Қазір қайта жаңару үстінде. Дегенмен де білім ұясына жаңа оқушы парталары және спорт залы қажет. 120 партаға тапсырыс бердік,-дейді.
Мәжіліс мүшелері аталған аудандағы Жолғабас ауылындағы Жолғабас орта мектебіне жапсарлас салынған, сыйымдылығы 150 оқушыны құрайтын ғимаратпен танысты. Түркістан облысы Құрылыс басқармасының тарапынан тапсырыс берілген бұл ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Білім ұясы интерактивті лингофон кабинетімен жабдықталған. Сондай-ақ мектеп ішінде арнайы биология-химия, физика және тігін машинасымен жабдықталған кабинет бар.
Түркістан облысы – еліміздегі ең көп мектеп шоғырланған аймақ. Облыста бас-аяғы 905 мектеп бар. Оның 800-ге жуығы ауылды жерде орналасқан. Мектеп ғимараттарымен танысу барысында мәжіліс депутаттары жергілікті педагог-мамандар мен ата-аналардың өтініш-тілектерін тыңдады. Фракция мүшелері енді Кентау қаласы және Сауран ауданындағы білім нысандарының құрылысымен таныспақ.