Бәйдібек ауданында көпбалалы аналар құрметтелді
Бүгін Бәйдібек ауданындағы көпбалалы 18 анаға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов алтын құрсақты аналарды қабылдап, құттықтау лебізін білдірді. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бөлінген 6 анаға «Алтын алқа», 12 анаға «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
– Құрметті ақ жаулықты аналар Бәйдібекте өздеріңіздей алтын құрсақты аналардың барына қуанып отырмын. Ағымдағы жылдың 14 қараша күні еліміздің бес облысында бір мезгілде дүниеге келген 5 бала 20 миллионыншы қазақстандық атанып отыр. Еліміздің халық санының 20 милиионға жетуіне Сіздердің де қосқан үлестеріңіз бар. Бүгінгі күміс алқа алып отырған аналарымыз алтынға қол жеткізе беріңіздер. Алтын құрсақтарыңыздан дүние есігін ашқан бүлдіршіндеріңіз үлкен азамат болып, елдің дамуына қызмет ете берсін. Баршаңыздың отбасыларыңыға бақыт пен береке тілеймін, – деді Ерлан Зайыпұлы.
Бәйдібек ауданында 600-ге жуық «Алтын алқа», 1300-ден аса «Күміс алқа» иеленген аналар тұрады. Сонымен қатар 150-ге жуық «Батыр ана» мен 200-ге жуық І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар бар. 18 жасқа дейінгі 4 және оданда көп баласы бар аналар саны – 2958.